Кринж, краш. Жастардың чатынан қалай шықпауға болады?

Бүгінде жастардың не айтып жатқанын түсінбеу қалыпты құбылысқа айналып барады. Өйткені күнде жаңа сөз пайда болады. TikTok-тағы трендті жібермей қайталайтын кішкентайлар мен Желідегі жаңалықты құр жібермейтін жастар арасында өзіңізді жаңа ғаламшардан келгендей сезінесіз бе? Massaget.kz сіздерге арнап, TikTok желісін белсенді қолданатындар жиі айтатын сленгтерді жинап, мағынасын түсіндірді. 

Краш немесе крашиха. Бұл сөзді қазір кез келген жерден естисіз. Ал бұл - ағылшын тілінен аударылған crush сөзі. Мағынасы "жарылу, сыну" дегенді білдіреді. Көбіне қыздар жағы өзінің құрбыларына жасырын әрі құпия махаббатын "краш" деп айтады. Сондай-ақ, танымал адамдарды да осылай атап жатады. Қыздарға қатысты "крашиха" деген нұсқа қолданылады.

Факап немесе фейл. Ойлағаны орындалмаса немесе сәтсіздік болса, "факап" немесе "фейл" деген нұсқалардың бірін қолданып жатады. Бұл сөздердің де түп бастауы ағылшын тілінен шыққан. Fail "қате, сәтсіздік" дегенді білдіреді. Fuck up та осыған мағыналас. Бұл сөз де "жеңілу, адасу, қателесу, сәтсіздікк ұшырау" деген мәнге сай келеді.

Рофл cөзі - Rolling On the Floor Laughing деген тіркестің қысқарған түрі. Қазақ тілінде қатты күлу деген мағынаны білдіретін "ішек-cілесі қату" секілді тұрақты тіркес жетерлік. Ал жастар бір ғана "рофл" деген сөзді қолданады. Қазір ол кез келген әзілге, күлкілі жағдайға қатысты айтылады.

Кринж (cringe) сөзі ұят деген мағынаны білдіреді. Яғни бұл - басқа адамның әрекетіне ұялу. "Кринж" деген сөзді естісеңіз, келесі адамға бұл мүлдем ұнамайды дегенді білдіреді.

Чилить "демалу" дегенді білдіреді. "Чилл" - ештеңе жасамай демалу. Жастар жағы "демалу" дегеннен гөрі "чилить" деген нұсқаны қолдануды дұрыс көреді.

Токсик дегеніміз - өз әрекеттерімен басқа адамдарға жағымсыз әсер сыйлау. Сізге біреу "токсик болып бара жатсың" десе, айтқан сөздеріңіз бен істеген әрекеттеріңізге мән бергеніңіз дұрыс.

Зумер - Z ұрпағының өкілі, яғни ХХ ғасырдың соңында немесе ХХІ ғасырдың басында туған адам. Зумерлер заманауи технологияларды жақсы пайдаланады, олар туғаннан бастап смартфонды тез меңгереді.

Бумер - екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейінгі кезең өкілдері. Ол ескі түсінікпен өмір сүріп, жаңа технология ағынына ілесе алмай жатады.

Трэш (trash). Ағылшын тілінен аударғанда, "қоқыс" дегенді білдіреді. Жастар жағы жаман жағдайларды сипаттағанда, осы сөзді қолданады.

Вайб қандай да бір атмосфераны немесе көңіл күйді білдіргенде қолданылады. 

Хейтер - Hate - ағылшын тілінен аударғанда жек көру. Қазір "хейтер" деп бірнәрсені жек көріп қана қоймай, соған бос уақыты мен күшін жұмсауға дайын адамды айтады.

Изи - өте оңай. Бұл сөз ағылшын тіліндегі easy сөзінен шыққан. 

Мерч - танымалдардың немесе музыканттардың символдарымен шығарылған киім немесе тауар.