"Қораға тығады". Танымал блогер оқуға түскен студенттерге кеңес берді

Бірер күн бұрын елімізде мемлекеттік білім гранты иегерлерінің тізімі жарияланды. Ал 2 аптадан соң жаңа оқу жылы басталады. Танымал блогер Дәулет Мұқаев оқуға түскен студенттерге кеңес берді, - деп хабарлайды Massaget.kz.

Дәулеттен Мұқаев - баспаналы болудың сырларын айтып, қаржылық сауаттылыққа байланысты ақпарат беретін блогер. Instagram Желісінде 2 миллионнан аса оқырманы бар.

Ол Instagram-парақшасында Алматыға оқуға түскен студенттер мен олардың ата-аналарына Qnet маркетинг компаниясынан абай болуға шақырды. 

"Құрметті болашақ студенттер, кешелі-бері грант нәтижелерінен өз аттарыңды көріп, қуанып жатқан жандар, сендерге айтар ағалық бір ақылым бар. Яғни, сендер студент болыңдар, үлкен өмірге қадам бастыңдар, иә? Бірің - Алматы, бірің басқа да қалаға барып, арман қуып, біліміңді жалғастырасыңдар. Осы орайда бір дүниені айтқым келеді. Qnet деген бәле бар. Ол өзін нарықта "сетевой маркетинг" ретінде танытады. Бірақ түптеп келген кезде, ол жерде құндылық тауар емес, құндылық - сізді "қораға тығу". "Қораға тыққанда" қалай? Сіз ол компаниядан бір долларға зат аласыз, сәйкесінше сізді тіркеген адамға ол пайда әкеледі. Сонда бұл Qnet жүйесіне жүз адам кіретін болса, соның тек бесеуі ғана пайда табады, бесеуі ғана керемет бизнесмен болады, көлік, үй алу мүмкіндігі болады. Сондықтан алданбайық. Мен де кезінде студент болғанмын. Студент кезімде менің де таныстарым сол Qnet-ке кіріп, талайының аузы күйген. (...) Одан да, құрметті менің бауыр-қарындастарым, білім алыңдар, оқыңдар! Білім жинасаңдар, сол біліммен миллион-миллион табыс табуға болады. Оқиық, білімге ұмтылайық! Qnet деген пәлеге жоламайық!", - дейді ол видеосында.

Бұған дейін Qnet маркетинг компаниясына алданып, бірнеше адам қаражатынан айырылған. Qnet ҚР заңнамасының талаптарына сәйкес кәсіпкерлік қызмет жүргізбейді, компанияның банк және инвестиция қызметін жүзеге асыруға лицензиялары мен өзге де рұқсат құжаттары, сондай-ақ, банк операциялары жоқ. Сондықтан Қаржы мониторингі агенттігі бұл компанияға қатысты қылмыстық тергеу бастады. 

"Іні-қарындастарыма ағалық ақылым! Құрметті ата-аналар, студент балаларыңызға айта жүріңіз. Qnet деген бәлеге жоламасын!" - делінген блогердің жазбасында.