Өскеменде аутизммен ауыратын 12 жастағы бала жоғалып кетті

Өскеменде 12 жастағы аутизммен ауыратын бала жоғалып кетті, - деп хабарлады Мassaget.kz ШҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, "102" арнасына хабарласқан азамат 14 тамызда түнгі сағат 02:30 шамасында үйінен белгісіз бағытқа шығып кеткен баласының табылмай жатқанын айтқан. 12 жастағы Темірлан Ахмеджанов аутизммен ауырады.

"Полиция қызметкерлері дереу жедел-іздестіру жұмыстарына кірісті. Сонымен қатар іздеуге құтқарушылар, кинологтар, ҚР Ұлттық Ұланы сарбаздары мен волонтерлер жұмылдырылған. Қазіргі уақытта олар үйлер мен аулаларды аралап тексеруде. Квадрокоптермен де іздеу жұмысы жүріп жатыр", - делінген ақпаратта.

Баланың үстінде көк жемпір, камуфляжды шалбар, жасыл тәпшіке болған. Тәртіп сақшылары оның қайда екені жайлы қандай да бір ақпарат білетіндерге полицияға хабар беруін сұрайды.