Шолақай атауы қайдан шыққан?

Алматы облысы Жаркент қаласындағы Шолақай мен Пенжім өңірлерінің атауы қайдан шыққан? Massaget.kz тілшісі елді мекен атауы туралы материал дайындады. 

Шолақай - Алматы облысы Панфилов ауданындағы ауыл, Шолақай ауылдық округінің орталығы. Аудан орталығы - Жаркент қаласынан оңтүстікке қарай 10 шақырымдай жерде, Өсек өзенінің жағалауындағы қамыс, құрақ, бозжусан, шөптесін өскен қоңыр, бозғылт қоңыр топырақты шөлейт белдемде орналасқан.

Шолақай ауылдық округінің құрамына Шолақай, Диқанқайрат, Жиделі ауылдары кіреді. 

2016 жылдағы дерек бойынша, өңірде 3721 адам тұрған. 1927 жылы ұжымдастыру басталғанда ауылда "Кедей", "Көрсеткіш", "Туыстық", "Негізгі", "Жұлдыз" артельдері болған. 1930 жылы олар "Сталин-Бірлік" ұжымшарына біріктірілді.

Шолақай атауының бірінші сыңарындағы шолақ - "қысқа, келте" мәнінде айтылса, екінші сыңарындағы "ай" қосымша түрінде берілген. Бұл атау әуел баста өзен аты болып, кейіннен сол өзен маңайына орналасқан мекен атына ауысқан.