Қостанайда тәрбиеші үш жасар бүлдіршінді қатты жұлқылап, сүйегін сындырған

Қостанайда балабақша тәрбиешісі үш жасар бүлдіршінді қатты жұлқылаған. Салдарынан баланың сүйегі сынған, - деп хабарлайды "Астана" телеарнасы. 

Телеарна мәліметінше, тәрбиеші жұмыстан кетіп, балабақша директоры әкімшілік жауапқа тартылған. Оқу-ағарту министрлігінің ақпаратынша, тәрбиешілердің балаларға қол жұмсауы, денсаулығына зиян келтіруі, сондай-ақ балабақша жұмысына қатысты ата-аналардан шағым көп түседі. Жекеменшік балабақшалардың қызметін ешкім ретке келтірмейтінін айтып, шара қолдануды талап етеді дейді. 

"Балабақшадағы құқықбұзушылықты азайту үшін және олардың жұмысын ретке келтіру үшін біз лицензиялауды енгізіп отырмыз. Бұл балалардың қауіпсіздігін реттейді деп есептейміз", - дейді Оқу-ағарту министрлігінің Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары Майра Мелдебекова.