"Украинаға жеткізу үшін". Қазақстаннан қару сатылып жатыр деген ақпарат тарады

"Украинаға жеткізу үшін". Қазақстаннан қару сатылып жатыр деген ақпарат тарады
Фото: 24tv.ua

Қазнетте Ұлыбритания Украинаға жеткізу үшін Қазақстаннан қару сатып алып жатыр деген ақпарат тарады. Желіде тараған ақпараттағы мәміледе "Техноэкспорт" компаниясының делдалдығымен жүзеге асырылады, ал 2022 жылдың 16 шілдесінде 46 миллион долларлық келісім жасалғаны жазылған. Stopfake.kz мәліметінше бұл - жалған ақпарат, - деп хабарлайды Massaget.kz

 

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі өкілдері бұл ақпаратқа қатысты түсініктеме берді.

"Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі экспорттық бақылау саласындағы уәкілетті орган. "Экспорттық бақылау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қару-жарақ, оқ-дәрі мен әскери техниканың экспорты мен импорты министрлік беретін лицензиялар негізінде жүзеге асырылады. 2021 жылы және 2022 жылдың өткен кезеңінде "Техноэкспорт" компаниясы қару-жарақ, оқ-дәрі және әскери техника экспорттауға лицензия алу үшін министрлікке жүгінбеген", - делінген хабарламада.

Сонымен қатар, бұл кезеңде министрлік қару-жарақ, оқ-дәрі мен әскери техника, атап айтқанда, 122 миллиметр снарядтар (Д-20 гаубицалары үшін), 152 миллиметр снарядтар (Д-30 гаубицалары үшін), БМ-21 "Град", БТР-4 (БТР-82А немесе жеңілдетілген модификациялар) және 120 мм миномет пен "Конкурс" ТҚЗК үшін оқ-дәріні Ұлыбританияға экспорттауға лицензия бермеген.

"Бұл ретте қару-жарақ пен оқ-дәрі экспорты импорттаушы елдің Қазақстан Республикасының Экспорттық бақылау саласындағы уәкілетті органының рұқсатынсыз осы қару-жарақ пен оқ-дәріні қайта экспорттамайтындығы туралы міндетті норма көзделген кепілдік міндеттемесі (соңғы пайдаланушының сертификаты немесе Халықаралық импорт сертификаты) болған кезде ғана жүзеге асырылады. Жоғарыда аталған қару-жарақ пен оқ-дәріні реэкспорттауға министрлік рұқсат берген жоқ", - деді ведомство өкілдері.

С. Сатыбалдина