Қостанай облысында жоғалған 5 жасар қыз дельтапланмен іздестіріліп жатыр

7 тамызда таңертең жоғалып кеткен бес жасар Мадина Ерланқызын кешкі уақытта іздестіру үшін дельтаплан жұмылдырылды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді, - деп хабарлайды Мassaget.kz.

Дельтапланмен қостанайлық компаниялардың бірінің басшысы Сергей Хоменко қамтамасыз етті. Оның компаниясы облыстағы авиациялық-химиялық жұмыстармен айналысады.

"Маған Қостанай облысында жоғалған баланы іздестіру жұмыстары жүріп жатқаны туралы хабарланған бойда өз көмегімді ұсынғым келді. Дельтаплан жоғалған адамды іздестіру жұмыстарында тиімді", - дейді Сергей.

Ведомство мәліметінше, із-түзсіз жоғалған адамдарды іздеуде дельтапландардың бірнеше рет пайдасы болған.

Мадина 1000 гектардан аса аумақта іздестіріліп жатыр.

"Іздеу жұмыстары егістік алқаптары арқылы және Тобыл өзенінің арнасы бойымен жүзеге асырылып жатыр. 500-ден аса азамат еріктілер қатарына қосылды. Іздеу жұмыстарына кәсіпорындар мен ұйымдардың басшылары көмек көрсетіп жатыр", - делінген хабарламада.