Қырымда жарылыс болып жатыр. Ресей билігі пікір білдірді

Қырым маңындағы Новофедоровка ауылына жақын ресейлік әуебазада жарылыстар болып жатыр, деп хабарлайды Tengrinews.kz.

"Украинская правда" мәліметінше, әлеуметтік желі қолданушылары оннан аса жарылыс естігенін жазған. Новофедоровкадан 20 шақырым жердегі көліктердің дабылы қосылып, терезелер сынған.

Reuters мәліметі бойынша, жергілікті уақыт бойынша шамамен 15.30-да ішінде әр түрлі қуатты кем дегенде 12 жарылыс естілген. Олардың үшеуі зор жарылыс болған, одан ұшқын, ал кейін қою түтін шыққан.

Шамамен 30 минуттан кейін тағы бір жарылыс болған, оны куәгерлер ең қаттысы деп атады, одан да түтін мен шаң шыққан. Көршілес Саки қаласында сиреналар қосылған.

Фото мен видеолар әлеуметтік желілерде жарияланып жатыр. Ал жергілікті тұрғындар жақын маңдағы жағалаудан кетер тұста кептеліс пайда болғанын жазған.

Риа Новости хабарына қарағанда, Мәскеу тағайындаған Қырым басшысының кеңесшісі Олег Крючков Қырымның батыс жағалауында бірнеше жарылыс болғанын растаған. Новофедоровка ауданында әскери бөлім мен әскери аэродром бар.

Кейінірек Ресей Қорғаныс министрлігі Қырымның Саки ауданындағы Новофедоровка ауылындағы әскери аэродромда жарылыстар бірнеше әуе шабуылына байланысты болды деген мәлімдеме таратты.