"Күзет қажет емес дейтін". Оралда аяусыз өлтірілген кәсіпкердің досы пікір білдірді

"Күзет қажет емес дейтін". Оралда аяусыз өлтірілген кәсіпкердің досы пікір білдірді
Фото: up_uralsk

Оралда аяусыз өлтірілген Еркін Мұханғалиевтің досы кәсіпкер қандай адам болғанын айтты, - деп хабарлайды "Астана" телеарнасы. 

Марқұмның досы Қажымұқан Ғабдолланың сөзінше, Еркін Мұханғалиев өзіне күзет керек емесін айтып жүрген екен. 

"Еркін "маған ешқандай да күзет қажет емес, өзімді қорғай аламын" дейтін. Мейрамханаларын өзі күзете алатын жағдайда екенін айтатын. Тағдыр ғой, қылмыскерлердің қолынан қаза тапты. Әйелі жесір, балалары жетім қалды. Қылмыскерлерге қатаң жаза тағайындалуын талап етемін", - дейді марқұмның досы.   

Айта кетейік, Оралдағы қанды қылмыс болған "Рахат Лукум" кафесінің қызметкері кәсіпкер Еркін Мұханғалиев және екі күдікті туралы айтып берген еді.

Басылымға сұхбат берген қызметкердің сөзінше, Еркін Мұханғалиев жалақыны кешіктірген кезі болмаған. 

"Біздің шеф ешкімге қарыз емес, ақшаны уақытында беретін. Екі күдікті бізде жұмыс істемейді. Олар бес жыл бұрын жұмыс істеген. Оларға ешқандай қарызы жоқ еді. Олар шефпен не үшін кездескенін, не туралы сөйлескенін білмеймін. Екеуі дінді жамылып жүргендерін ғана білемін.

Көбі екі күдіктіге жалақысы берілмегенін, сондықтан олар қылмыс жасағанын жазып жатыр. Өте өкінішті. Біздің бастық ондай адам емес. Екеуі қасақана өлтіргені түсінікті. Жанжал басталып кеткенде араласпақ болғанмын. Мені итеріп жіберді. Ал қолыма еден жуғышты алып шыққанда олар сыртқа шығып кеткен. Бірнеше жерінен пышақтаған", - дейді қызметкер. 

Еске салайық, оқиға 6 тамызда кешке болған еді. Еркін Мұханғалиевтің денесі П.Атоян атындағы стадион тұрағынан табылған болатын. Сонымен қатар, кәсіпкерге кафеде шабуыл жасалғаны анықталды.

Кейінірек күдіктілердің жеке басы анықталды, олар - кісі өлтіргеннен кейін оқиға орнынан қашып кеткен 31 жастағы Руслан Қожантаев пен 21 жастағы Тұрлан Амангелді.

Полицейлер Оралдан шығатын және кіретін жолдарды тексерген, күдіктілер баруы мүмкін деген жерлер тексерілген. Қылмыскерлерді ұстауға күш құрылымдары жұмылдырылған.

Артынша оралдық кәсіпкерді өлтірген сәттің видеосы тараған еді. Кадрда кәсіпкердің екі жігітпен дәмханада қалай сөйлесіп жатқаны көрсетілген. Кенет жанжал басталып, жігіттердің бірі кәсіпкердің мойын тұсына пышақ сұғып алған. Содан кейін ол тағы бірнеше рет ұрады. Жарақат алған Мұханғалиев терезеден шығып үлгереді, бірақ олар қуып жетіп, көшеде тағы 15 рет пышақтаған. Кәсіпкер жедел жәрдем келгенше, қайтыс болған. Күдіктілер кеше, 8 тамызда ұсталды.

С. Сатыбалдина