Кәсіпкерді өлтірді деген күдіктілер екі күн бойы қайда жасырынғаны анықталды

Кәсіпкерді өлтірді деген күдіктілер екі күн бойы қайда жасырынғаны анықталды
Фото: Фото: БҚО ПД

Оралда кәсіпкерді өлтірді деген күдіктілер екі күн бойы қайда жасырынғаны белгілі болды, - деп хабарлайды Massaget.kz

Бұл туралы БҚО ПД бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Жанболат Жаншин брифинг барысында айтты. 

"Қылмыс болған жерге жақын орналасқан барлық қауіпсіздік камерасын тексердік. Жазбаларды зерттей келе, олар қай бағытқа қашқанын анықтадық. Кейін куәгерлердің айтуы бойынша олар "Көктем" саяжайында орналасқанын анықтадық. Кейін жедел топтар құрылды. Олар саяжайлардың бірінің аумағында, көшеде ұсталды.

Ұстау кезінде олар қарсылық көрсетпеді. Оқиға орнынан қылмыс қаруы тәркіленді. Олардың басқа қаруы болған жоқ. Тұтқындау кезінде ұсталғандардың бірінің сақалы аздап өзгерген. Ол сыртқы келбетін сәл өзгертті деген болжам бар. Оның деструктив діни ағымда екені расталған жоқ", - деді ол брифингте. 

Еске салайық, оқиға 6 тамызда кешке болған еді. Еркін Мұханғалиевтің мәйіті П.Атоян атындағы стадион тұрағынан табылған болатын. Сонымен қатар, кәсіпкерге кафеде шабуыл жасалғаны анықталды.

Кейінірек күдіктілердің жеке басы анықталды, олар - кісі өлтіргеннен кейін оқиға орнынан қашып кеткен 31 жастағы Руслан Қожантаев пен 21 жастағы Тұрлан Амангелді.

Полицейлер Оралдан шығатын және кіретін жолдарды тексерген, күдіктілер баруы мүмкін деген жерлер тексерілген. Қылмыскерлерді ұстауға күш құрылымдары жұмылдырылған.

Артынша оралдық кәсіпкерді өлтірген сәттің видеосы тараған еді. Кадрда кәсіпкердің екі жігітпен дәмханада қалай сөйлесіп жатқаны көрсетілген. Кенет жанжал басталып, жігіттердің бірі кәсіпкердің мойын тұсына пышақ сұғып алған. Содан кейін ол тағы бірнеше рет ұрады. Жарақат алған Мұханғалиев терезеден шығып үлгереді, бірақ олар қуып жетіп, көшеде тағы 15 рет пышақтаған. Кәсіпкер жедел жәрдем келгенше, қайтыс болған.

Кейін кәсіпкерді өлтірді деген күдіктілер ұсталғаны хабарланған еді. 

Е. Төлеш