"Кек алу". Әзербайжан мен Армения тағы да соғыс алдында тұр ма?

Таулы Қарабақ маңында тағы да қарулы қақтығыс басталды. Әзербайжандықтар "Кек алу" операциясын бастады. Massaget.kz тілшісі Таулы Қарабақтағы қазіргі жағдай туралы баяндайды. 

Бәрі неден басталды?

Әзербайжан мен Армения арасындағы қарулы қақтығыс 2020 жылы күзде аяқталған. Сол кезде қақтығысқа ресейлік бітімгерлер араласып, екі тарап келісімге келген еді. BBC мәліметінше, Таулы Қарабақтағы жағдай шілденің соңында қайта шиеленіскен. 

2 тамызда мойындалмаған Таулы Қарабақ Республикасының билігі Әзербайжан тарапы оларға Армениямен қолданыстағы бағытты айналып өтіп, басқа бағыт бойынша қатынас ұйымдастыру талабын жеткізгенін хабарлады.

Толығырақ түсіндірейік. Қарабақ пен Арменияны "Лачин дәлізі" деп аталатын жол байланыстырады. Бұл жолды ресейлік бітімгер күштері бақылайды және ол Таулы Қарабақтан тысқары жатқан әзербайжандық Лачин қаласы арқылы өтеді. Қарабақтағы алғашқы соғыс кезінде оны армениялықтар жаулап алған.


Лачин дәлізі

Мәселе мынада, Лачин ауданының қалған бөлігін (қала мен жолды қоспағанда) армян тарапы 2020 жылғы 10 қарашада соғысты тоқтатқан келісім бойынша Әзербайжанға қайтарған. Сол келісім бойынша, Лачин қаласын айналып өтіп, Қарабақ армяндарын Армениямен байланыстыратын жаңа жол салынуы керек болған. Әзербайжан жолдың өз бөлігін аяқтаған, Армения әлі салып бітпепті.

Әзербайжан расымен де Арменияны үшжақты міндеттемелерін орындамады деп айыптап отыр. 3 тамызда Әзербайжан Сыртқы істер министрлігі бұл туралы тағы да айтқан еді.

Армения Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Армен Григорян болса, жергілікті "Арменпресс" басылымына Әзербайжанның Лачин дәлізі туралы талабы заңсыз екенін, өйткені бұл бағытта жұмыс жүргізілсе де, армян тарапы әлі ешқандай жоспарға келіспегенін айтқан екен.

Әзербайжандық тарап

Осыдан кейін Әзербайжан Қорғаныс министрлігі Таулы Қарабақта "Кек алу" операциясы жүргізілгенін хабарлады, соның барысында Гырхгыз және Сарыбаба секілді жерлер бақылауға алынған.

Елдің әскери ведомствосының хабарына қарағанда, бұл операция Әзербайжанда 3 тамызда "армян қарулы құрылымдарының" "заңсыз" әрекеттеріне жауап екен. Бакудің мәліметінше, осы "террорлық арандатудың" салдарынан бір әзербайжан сарбазы қаза тапқан.

Қорғаныс министрлігі "заңсыз армян қарулы құрылымдары" жаңа әскери позицияларды бекіту үшін Гырхгыз тау жотасын басып алуға әрекеттенгенін мәлімдеді.


Фото: Әзербайжан қорғаныс министрлігі

Әзербайжан Қорғаныс министрлігінің хабарламасында бұрынғы Агдере аймағының Юхара Оратаг елді мекеніндегі әскери бөлімге әуе соққысы жасалғаны айтылған.

"Бірнеше D-30 гаубицасы, әскери көліктер мен оқ-дәрілер жойылды. Әзербайжан 2020 жылғы 10 қарашадағы үшжақты мәлімдемеге қарамастан, Ресей бітімгершілік күштері уақытша орналасқан Әзербайжан территорияларында Армения қарулы күштері мен заңсыз армян қарулы құрылымдарының болуы қауіп көзі болып қала беретінін бірнеше рет мәлімдеген. Бұл аумақтарды демилитаризациялап, ол жерден армян әскерлерін толық шығарып және заңсыз армян қарулы құрылымдарын қарусыздандыру қажет", - делінген Әзербайжан қорғаныс министрлігінің мәлімдемесінде.

Армения тарапы

Армения сыртқы істер министрлігі армян тарапының аймақта тұрақтылық пен бейбітшілік орнату әрекетіне қарамастан, Баку этникалық тазартуды жалғастыруға тырысып жатқанын мәлімдеді. Ереван Әзербайжанды үшжақты мәлімдемелердегі барлық міндеттемені орындауға, соның ішінде армян тұтқындарын қайтаруға және атысты тоқтатуға шақырды. 

Министрлік Баку "Таулы Қарабақ тұрғындарын қорқыту, оны этникалық тазарту және Таулы Қарабақты басып алудың жоспарланған саясатын" жалғастырып жатқанын атап өтті.


Фото: Reuters

Сыртқы істер министрлігінің өкілдері Әзербайжанның мұндай мәлімдемелеріне "жол беруге болмайтынын" баса айтты.

"Үшжақты мәміленің 6-тармағында айқындалған Лачин дәлізіндегі құқықтық режимді біржақты тәртіппен өзгертуге әрекет жасалған Әзербайжан тарапының мәлімдемесіне жол берілмейді деп санаймыз және Лачин дәлізі арқылы өтетін маршрут мәмілеге қол қойған тараптар бекіткен жоспарға сәйкес ғана өзгертілуі мүмкін екенін растаймыз", - деп түсіндірді Армения Сыртқы істер министрлігіндегілер.

Қарабақтағы қақтығысты тоқтату туралы келісім бұзылды

Sputnik Армения мен Trend сайттарының мәліметінше, Әзербайжан әскері Қарабақтағы атысты тоқтату келісімін бұзды. Қарсыласу сызығының солтүстік-батыс бағытында ресейлік бітімгершілік контингентінің жауапкершілік аймағында әзербайжандық бөлімшелер гранатометтерді және соққы беретін ұшқышсыз ұшақтарды пайдаланған.

Таулы Қарабақ Республикасы Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, 14 армян әскери қызметкері жараланып, біреуі қаза тапты. Ал Әзербайжан атқылауға Арменияны айыптады.


Фото: Reuters

Мойындалмаған Таулы Қарабақ басшысы Арайик Арутюнян аймақтағы жағдайдың шиеленісуіне байланысты әскер жұмылдырылғанын хабарлады.

Таулы Қарабақтағы ресейлік бітімгершілік күштері өздерінің жауапкершілік аймағындағы жағдайдың шиеленіскенін атап өтті.

Иран Әзербайжанмен шекараға әскери техникасын жеткізе бастады

EAdaily мәліметінше, Иран Ислам революциясы Сақшылар корпусы Таулы Қарабақтағы жағдайдың шиеленісуі аясында өз техникаларын Әзербайжан маңындағы шекараларға жылжыта бастады. Видео ирандық Sepah Pasdaran Telegram-арнасында жарияланды. 

2022 жылы наурызда Ислам революциясы Сақшылар корпусы көрші мемлекеттер шекарасындағы өзгерістерге шыдамайтынын, сондықтан "Арменияға кез келген әскери басқыншылық Иран Қарулы күштерінің реакциясына тап болатынын" ескертті. Иран мен Әзербайжан шекарасының 400 шақырымы ортақ.

Әзербайжан шекарасына Иран әскери техникасын тасымалдағаны туралы ресми растау жоқ. Жарияланған видеода бронетранспортер тиелген жүк көлігі тасжолда кетіп бара жатқаны көрінеді.

ЕО мен Ресей не дейді?

Еуропалық Одақ Әзербайжан мен Армения күштері арасындағы қақтығыстарды дереу тоқтатуға шақырды. Бұл ЕО сыртқы саясат қызметінің мәлімдемесінде айтылған.

"Еуропалық Одақ Лачин дәлізі төңірегінде және басқа да байланыс желісінің бойындағы басқа жерлерде Әзербайжан мен Армения күштері арасында жүріп жатқан қақтығыстарды дереу тоқтатуға шақырады.

Шешімдерді келіссөз арқылы табу үшін шиеленісті азайтып, атысты тоқтату режимін толығымен құрметтеу және келіссөз үстеліне оралу өте маңызды. Еуропалық Одақ шиеленісті шешуге көмектесуге және Оңтүстік Кавказда бейбітшілік пен тұрақтылыққа қол жеткізуге қатысуды жалғастыруға дайын", - деді ЕО өкілі.

Ал Ресей қорғаныс министрлігі 2 тамызда Әзербайжан Таулы Қарабақтағы атысты тоқтату режимін үш рет бұзғанын хабарлады.