Қазақстандағы жантүршігерлік қылмыстар: қанша педофил жазасын өтеп жатыр?

Қазақстандағы жантүршігерлік қылмыстар: қанша педофил жазасын өтеп жатыр?
Фото: pixabay.com

Биылғы 31 шілдеде Жетісу облысы Панфилов ауданында жантүршігерлік оқиға болды: ер адам 15 жастағы оқушы қызды зорлап, артынан өлтіріп, денесін өртеп тастаған. Тағы бір адамшошырлық оқиға 2020 жылы Сәтбаев қаласында болған еді. Ер адам бес жасар қызды ұрлады деген күдікке ілінген болатын. Артынша ер адам тергеу изоляторында өлі табылды.

Қазақстанда кәмелетке толмаған балаларға қатысты зорлық статистикасы қандай? Қанша педофил бостандыққа шықты? Massaget.kz тілшісі шолу жасады. 

Педофилдерге өлім жазасы қарастырылған ба? 

2019 жылы 2 қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент біріккен отырысының VI шақырылымының 5-сессиясы барысында халыққа Жолдау жариялаған болатын. Жолдауда Тоқаев көптеген мәселе көтерді. Оның ішінде зорлық-зомбылық үшін жазаны күшейтуді тапсырды. 

"Біз сот төрелігінің шектен тыс және репрессивті шаралары мен қатал жазалау тәжірибесінен алшақтадық. Алайда елімізде көптеген ауыр қылмыс әрекеттері бар. Біз заңнаманы ізгілендірумен айналысып, азаматтардың негізгі құқықтары туралы ұмытып барамыз. Жыныстық зорлық-зомбылық, педофилия, есірткі тасымалдау, адам саудасы, әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық және жеке адамға, әсіресе балаларға қатысты басқа да ауыр қылмыстар үшін жазаны күшейту қажет. Бұл менің Үкіметке беретін тапсырмам", - деді Президент Жолдауында.

Артынша қоғамда педофилдерге жазаны қатаңдату мәселесі қызу талқыға түсті. Тіпті өлім жазасын тағайындау мәселесі де талқыланған болатын. 

"Барлық норма бойынша педофилдердің жазасы онсыз да қатаң. Жазаға қосымша ретінде оларды бақылап отыруға болады деп ойлаймын, себебі педофилияның емі жоқ. Дамыған елдер онсыз да солай істейді, олар үнемі бақылауда жүреді. Ал бізде басқаша: бостандыққа шығады, ішкі істер органдарының бақылауынсыз қалады. Олай болмауы керек. Педофилдерге қолына бақылап жүретін білезік немесе әрекетін GPS арқылы бақылап отыруға болады. Бірақ заманауи қоғамда ол дұрыс емес", - деген еді балалар мен отбасы құқықтарын қорғау жөніндегі республикалық кеңестің мүшесі Жанна Ахметова Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында. 

Екі жыл бұрын Қазақстанда педофилдер кешірім және мерзімінен бұрын босату құқығынан айыру ұсынылған болатын. Заң жобасы Мәжілісте қолдау тапты. 

Педофилдер қалай жазаланады?

ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің мәліметінше, кейінгі жылдары балаларға қатысты сексуалдық сипаттағы қылмыстар үшін жауапкершілік күшейтілген. Педофилия секілді қылмыстардың түрлері ауыр қылмыстар санатына ауыстырылды. Яғни тараптардың татуласу мүмкіндігі алынып тасталды. Сонымен қатар, педофилдер енді ең жоғары қауіпсіздік мекемелерінде, кешірім және мерзімінен бұрын босату құқығынсыз ұсталады.

Кәмелетке толмағандарға жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыстарды жасырған адамдарға қатысты 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жауапкершілік бар. Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған сотталушыларға қатысты заңнамалық әкімшілік қадағалауы қабылданады, онда сот қадағалаудың мерзімін бес жылдан сегіз жылға дейін қарастырады. Олар құқық қорғау органдары қызметкерлерінің бақылауында болады. 

Статистика не дейді? 

Биыл 4 айдың қорытындысы бойынша, кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстар саны 21,5 пайызға төмендеген. Биыл кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған қылмыстардың саны 17 пайыз, оның ішінде ұрлық 2,5 есеге, бопсалау екі есеге, бұзақылық пен тонау саны 1/3 есеге азайды.

Ал 2021 жылғы статистика бойынша, Қазақстанда 1861 педофил жазасын өтеп жатыр. Оның 50-і былтыр маусымда бостандыққа шыққан болатын. Бостандыққа шыққан 50 педофилдің қаншасы химиялық кастрация жасағаны белгісіз.

ҚАЖК мәліметінше, 2021 жылы кішкентай қазақстандықтарға қарсы жасалған қылмыс саны өскен. Мысалы қаңтар мен сәуір аралығында 1000-ға жуық бала зардап шеккен. Ол - зорланған, азғындық көрген және өзіне қол жұмсауға дейін барған балалар.  

Кейінгі бес жылда Қазақстанда балаларға қатысты сексуалдық зорлықтың 3 893 дерегі тіркелген. 2016  жылмен салыстырғанда 2020 жылы кәмелетке толмағандарды зорлау 45,8 пайызға өскен

С. Сатыбалдина