Бұрынғы бастығынан кек алмақ болған ер адам гаражды өртеп жіберді

Бұрынғы бастығынан кек алмақ болған ер адам гаражды өртеп жіберді

Қарағанды облысында бұрынғы жұмыс берушісінен кек алмақ болған азамат гаражды өртеп жіберді, - деп хабарлады Polisia.kz.

Қаражал қалалық полиция бөліміне 53 жастағы қала тұрғыны хабарласып, аяқастынан үйінің жанында тұрған өзіне тиесілі гаражының өртенгені туралы арызданған. Сондай-ақ гараж ішінде автокөлігі болған. Келтірілген шығын көлемі - 3 миллион теңге.

 
"Сараптама қорытындысына сәйкес, аталған оқиға қасақана жасалғаны белгілі болды. Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 202-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды", - делінген хабарламада.

20 шілдеде криминалдық полиция қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында осы іске қатысы бар деген күдікпен 31 жастағы ер адам ұсталды.

Ұсталған ер адам жәбірленушіден кек алу мақсатында осы әрекетке барғанын мойындады. Бұрындары ол жәбірленушінің қарамағында жұмыс істеп, сол шаруа қожалықтан мотоцикл ұрлағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны анықталды.

Осы себепті күдікті жәбірленушіге қастандық жасап, түнгі уақытта гаражға кіріп, бензин құйып өртегені белгілі болды.

Тергеу әрекеттерін жүргізу барысында полиция қызмектерлері күдіктінің Жезқазған қаласында автокөлік ұрлау дерегіне қатысы барын анықтады.

Бұл дерек бойынша күдіктіге Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 200-бабына сәйкес айып тағылған болатын. Қазіргі уақытта тергеу әрекеттері аяқталып, қылмыстық іс соттың қарауына жіберілді.

Г. Досымшалова