Павлодарда бірнеше сот ғимаратына бомба қойылғаны туралы хабарлама тарады

Павлодардағы бірнеше сот ғимаратына бомба қойылғаны туралы шұғыл байланыс желісіне хабарлама келіп түсті. Нысандардағы қызметкерлер дереу эвакуацияланды, - деп хабарлайды Мassaget.kz.

Өңірлік полиция департаментінің мәліметінше, сағат 14:53-те Павлодар облыстық және қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының электрон мекенжайларына бірнеше ғимаратқа жарылғыш заттар қойылғаны туралы хабарлама түскен. 

"Оқиға орнына дереу барлық жедел әрекет ету күші жетті. Адамдар эвакуацияланды", - деді ведомство өкілдері.

Павлодар облысының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына, Ақтоғай, Май және Аққулы аудандарының соттарына да осыған ұқсас хабарламалар келіп түскен.

Облыстық соттың баспасөз қызметі бұл дерекке сәйкес, Ақтоғай, Май және өзге аудандық соттарда сот процестері кейінге шегерілгенін хабарлады.