Алматыда баланы қайда қыдыртуға болады?

Алматыда баланы қайда қыдыртуға болады?
Фото: Ернар Алмабек

Ата-аналар "Алматыда баланы қайда қыдыртуға болады" деген сұраққа жиі ойланады. Қаламызда көптеген ойын-сауық орталығы, ойын алаңы мен саябақтар және таным көкжиегін арттыратын орындар бар. Мassaget.kz тілшісі балаларға арналған осындай таңдаулы орындарды жинап шықты. 

Ойын алаңдары

Aspan park - ауданы 3000 шаршы метрден асатын балалар ойын-сауық орталығы. Мұнда балалар мен ата-аналар Clip N Climb өрмелеу қабырғасын, балалар ойын алаңын, арқан лабиринтін, үлкен батут кешенін және ойын автоматтарын, 1 жасқа дейінгі балаларға арналған ойын алаңдарын таба алады. Келушілерге ыңғайлы болу үшін тамақтануға болатын кафе бар. 

Бұл алаң туған күн мен басқа да балалар кештерін өткізуге ынғайлы.

Aspan park-тегі қызмет құны:

- 1 жасқа дейінгі балаларға тегін

- 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға: жұмыс күндері - 2500 теңге, демалыс күндері - 3500 теңге

- 6 жастан асқан балаларға: жұмыс күндері - 5000 теңге, демалыс күндері - 6000 теңге

- Аттракцион (1 сағат) - 2000 теңге

- Бала күту қызметі (1 сағат): жұмыс күндері - 1500 теңге, демалыс күндері - 2000 теңге.

Туу туралы куәлігін көрсеткен туған күн иесіне 50 пайыз жеңілдік жасалады.

Бұл балалар алаңы Сейфуллин даңғылындағы Forum сауда орталығының 5-қабатында орналасқан.

Күн сайын 10:00-22:00 аралығында жұмыс істейді.

Jungle Park - туған күн, мектеп бітіру кештері мен арнайы іс-шараларды өткізуге болатын балалардың ойын-сауық орталығы. Орталықта балалар түрлі аттракциондарға қызықтап, сүйікті мультфильмдерінің кейіпкерлерімен бірге ойнап, қызықты квесттерге қатыса алады. Саябақта Confetti отбасылық кафесі бар.

Jungle Park-тегі қызмет құны:

- 1 жасқа дейінгі балаларға тегін

- 1 жастан 3 жасқа дейін - 4500 теңге, 3 жастан 17 жасқа дейін - 6000 теңге.

Бұл орталық Тимирязев, 42 мекенжайындағы Atakent Mall сауда орталығының 2-қабатында орналасқан. 

Жұмыс уақыты күн сайын 10:00-ден 21:00-ге дейін.

"Аватария" - балалар ойын-сауық орталығы. Орталық әртүрлі аймақтарға бөлінген. Мұнда балалар батутта секіріп, тік төбеден түсіп, көңілді аниматорлармен ойнайды. Ойын-сауық орталығының аумағында аттракциондар, ойын автоматтары, мейрамхана, мерекелік шараларға арналған VIP бөлмелер бар. Ойын алаңында флешмоб, шоулар мен түрлі ойындар ұйымдастырылады. Балалар сүйікті мультфильмдерін кейіпкерлерімен бірге көріп демалады.

Бұл орталықта жасөспірімдерге арналаған ойын алаңдары да бар. Олардың ең танымалы: Баскетбол, Эверест, төбешіктер, батут саябағы, Лабиринт.

Туған күн иелері құжатын көрсетсе тегін кіре алады. 

"Аватария"-дағы қызмет құны: 

- 1 жастан 2 жасқа дейінгі балалар - жұмыс күндері  2700 теңге, демалыс күндері 3200 теңге
- 2 жастан 14 жасқа дейінгі балалар - жұмыс күндері 3700 теңге, демалыс күндері 4500 теңге.
- Мүмкіндігі шектеулі балаларға кіру тегін.
- Көпбалалы отбасыларға: жұмыс күндері 20 пайыз жеңілдік  бар

- ересек адамдарға толық билет - 300 теңге.

Бұл орталық Сейфуллин даңғылы, Шолохов көшесі  "Жибек Жолы" сауда орталығының 3 қабатында және Жетысу-4, 32/2, "Керуен" сауда орталығының 1-2 қабатында орналасқан.

Жұмыс уақыты күн сайын 10:00-ден 22:00-ге дейін.

NASLEDNIKI - Алматы қаласындағы үш филиалдан тұратын ғарыш стиліндегі балалар ойын-сауық орталығы. Орталықтың 3000 шаршы метрден астам аумағында ойын алаңы орналасқан, сондай-ақ, отбасылық мейрамхана, аттракциондар, батут және т.б. бар.

NASLEDNIKI-дегі қызмет ақысы:

- жұмыс күндері: балалар (бір жастан 13 жасқа дейін) - 4000 теңге, ересектер - 500 теңге;

- демалыс күндері: балалар (бір жастан 13 жасқа дейін) - 5000 теңге, ересектер - 500 теңге;

- Туған күн иесі туу туралы куәлігін көрсетсе - 500 теңге;

- бір жасқа дейінгі балалар - тегін.

Atrium, MAXIMA, SPUTNIK сауда орталықтарында бар. 

Жұмыс уақыты күн сайын 10:00-ден 22:00-ге дейін.

Funky Town - балаларға арналған ойын-сауық саябағы 2016 жылдың 26 ​​қарашасында ашылған. Саябақтың ауданы - 1500 шаршы метр. Саябақта 9 қызықты аттракцион және 60-тан аса ойын автоматы бар. Саябақ халықаралық стандарттарға сай жасалған. Барлық жабдық тек Италия, Испания, Ұлыбритания және АҚШ-тан әкелінген.

Funky Town-дағы қызмет ақысы:

- жұмыс күндері: балалар (бір жастан 13 жасқа дейін) - 4000 теңге, ересектер - 500 теңге;

- демалыс күндері: балалар (бір жастан 13 жасқа дейін) - 5000 теңге, ересектер - 500 теңге;

- Туған күн иесі туу туралы куәлігін көрсетсе – 500 теңге;

- бір жасқа дейінгі балалар - тегін.

Aport Mall, Dostyk Plaza секілді сауда орталықтарында бар. 

Жұмыс уақыты күн сайын 10:00-ден 22:00-ге дейін.

GRAND PARK - сауда ойын-сауық кешені тек сауда жасайтын орын ғана емес, балаларға арналған түрлі ойын алаңдары бар ерекше мекен. Бұл орталықтан бүлдіршіндермен қатар жасөспірімдерге де арналған ойын бөлмелерін табуға болады. GRAND PARK сауда үйінде сурет студиясы, кітапханалар, балалар аттракциондары, балалар орталықтары, батут, қыздар мен ұлдарға арналған жеке ойын алаңдары, боулинг, мерекелік іс шаралар өткізетін орындар, отбасылық тамақтанатын жерлер бар.

GRAND PARK -тегі қызмет құны:

- 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға: жұмыс күндері -сағатына 2500 теңге, демалыс күндері - 3500 теңге

- 6 жастан асқан балаларға: жұмыс күндері - 5000 теңге, демалыс күндері - 6000 теңге

- Аттракцион (1 сағат) - 2000 теңге

Бұл балалар алаңы Қабдолов, 1 мекенжайында орналасқан. 

Күн сайын 10:00-22:00 аралығында жұмыс істейді.

BabyPolis. Бұл ойын алаңының 3000 шаршы метр аумағында карусель, балабақша, батут, лабиринт, арқан саябағы, жарыс жолы, лего сити, оқу паннолары және шағын баскетбол алаңы орналасқан. Мерекелік демалыс күндері орталық қонақтар үшін анимациялық бағдарлама өткізеді.

BabyPolis саябағында баланың туған күнін, мектеп бітіру кешін өткізуге болады.

BabyPolis-тегі қызмет ақысы:

- 14 жасқа дейінгі балалар: жұмыс күндері - 3500 теңге, демалыс және мереке күндері - 4500 теңге;

- 1 жасқа дейінгі балалар - тегін;

- ересектерге: жұмыс күндері – 2800 теңге, демалыс және мереке күндері – 3600 теңге.

6 жасқа дейінгі балалар 18 жастан асқан ересек адаммен бірге жүруі керек. 

Орталық Жандосов, 83 мекенжайындағы Almaty Mall сауда орталығының 3-қабатында орналасқан.

Күн сайын 10:00-22:00 аралығында жұмыс істейді.

 Cаябақтар

Горький саябағы 

Ару қаламыздың ең көрікті орындарының біріне айналған Орталық мәдениет және демалыс орны. 1856 жылы салынған саябақ алғашқыда "Казённый сад" деп аталған. Саябақта қолдан жасалған су қоймалары (су аттракциондары, қайық станциялары), кинотеатр,  стадион, велотрек, спорт кешендері, хайуанаттар бағы, мәдени іс-шараларды өткізетін алаңдар, 16 ірі аттракциондар жұмыс істейді. Демалыс және мереке күндері саябаққа келетін адамдардың саны 100 мыңға жетеді екен.

Қызмет құны:

Саябақтың аумағында қозғалуға арналған велорикшалар мен екі орындық шағын машинкалар, бірнеше қызылды-жасылды балалар поезы жүріп жатады. Оларда саябақ бойынша қозғалу құны - 1000 теңгеден басталады. 

Ересектердің қоса еріп жүруімен және еріп жүруінсіз, 5 жасқа дейінгі балаларға арналған аттракциондар - онға жуық ("Балалар қалашығы"). Құны - 1000 теңгеден 3500 теңгеге дейін.

7 жасқа дейінгі бала түрлі алаңда сауық құрып, сайран салуы үшін шамамен 4000 теңге дайындап қоюыңыз керек. Саябақтың орталық бөлігінде, негізінен алғанда, ересектермен бірге "сырғанап, сайран салуға" арналған тағы да онға жуық аттракцион бар. 1 жастан 7 жасқа дейінгі балаңызбен сауық құру үшін тағы да шамамен 5000 теңге жұмсау қажет болады.

Саябақта бірнеше кафе және мейрамхана бар. Орташа тамақтану құны кафеде - 5000 теңге, мейрамханада - 6500 теңге.

Аумағы 42 гектарды құрайтын (1983 жылдары 100 га болған) Орталық саябақ Медеу ауданында, Гоголь көшесінде орналасқан.

Зоосаябақ 

Горький саябағынан шықпай-ақ, әртүрлі жануарларды көріп шығуға болады. Алматы хайуанаттар бағы 1937 жылы құрылған. Көлемі - 22 гектар. Бақтағы жануарлар 6 секцияда орналастырылған: жыртқыш сүт қоректілер, тұяқтылар, приматтар, құстар, экзотариум мен аквариум.
Алматыдағы бақта топтамасында 5 мыңға жуық жануарларды құрайтын 400-ден астам хайуанаттың түрі бар. Олардың 28 түрі Қазақстанның Қызыл кітабына, ал 71 түрі табиғатты қорғау министрлігінің Қызыл кітабына енгізілген.

 Қызмет құны:

-1, 5 жасқа дейінгі балаларға - тегін

-2, 5 жастан 12 жасқа дейінгі балар үшін - 200 теңге.

- Ересектер үшін - 700 теңге

Жұмыс уақыты дүйсенбіден жұмаға дейін 10:00-18:00, сенбі, жексенбі күндері 9:00-17:00 дейін. 

Family Park – 5 жасқа дейінгі баламен серуендеге ыңғайлы орын. Саябақтағы 32 аттракционының жартысына жуығы кішкентай балаларға арналған.

Құны 2000 теңгеден басталады. Осылайша, балаңыздың айналмалы үстелде, әткеншектерде және поезда сайран салуы мен оның балалар қалашығында ойнағаны 2000 - 5000 теңге аралығында болады.

Бас ботаникалық бақ 

Алматылықтардың тағы бір "жүрек шымырлататын" орны. Балаларыңызды ертіп, қаланың шулы көшелері мен тұрғындардың күйбең тірлігінен демалғыңыз келсе, осы бақ таптырмас орын. 

Ботаникалық бақта тұрақты түрде үй өсімдіктерінің жәрмеңкесі өтеді. Жәрмеңке сейсенбі-жексенбі аралығында 12:00-19:00 аралығында болады.

Бақтың үш кіреберісі бар. Тимирязев көшесіндегі кіреберіс бұрын баққа кіретін жалғыз есік болған, сол себепті ол алматылықтар арасында кеңінен белгілі. Тимирязев №42 мекенжайы бойынша Батыс павильоны орналасқан. Демек, бақ ішіне Атакент аумағынан кіріп, бақтың дәл ортасынан өтуге мүмкіндік бар. Үшінші есік – оңтүстік кіреберіс. Оған Әл-Фараби даңғылы жағынан кіруге болады.

Кіру құны:
- Ересектер 900 теңге
- Студенттер 600 теңге
- Мектеп оқушылары 500 теңге

Алматы ботаникалық бағы Тимирязев көшесі, №36 Д мекенжайында орналасқан. Бақтың жалпы аумағы - 104 гектар.

Ботаникалық бақ демалыс күндері де жұмыс істейді. Аптасына бес күн таңғы тоғыздан кешкі тоғызға дейін ашық болады. Сенбі-жексенбіде бақ кассасы кешкі 8-ге дейін жұмыс істейді. Әр айдың бірінші дүйсенбісі - санитарлық күн.

28 гвардияшыл-панфиловшылар саябағы

Саябақ Алматы қаласының Медеу ауданында, 18 га жерді алып, Қазыбек би, Зенков, Гоголь және Қонаев көшелерінің арасында орналасқан. 

Саябақтың шығыс жағында Ықылас атындағы Халықтық аспаптар көрмесі, Офицерлер үйі, Жауынгерлер - интернационалистер ескерткіші және Даңқ мемориалы мен Мәңгі алау орналасқан. Түс кезінде саябақ ішінде адам қолынан тамақтанып жатқан тиіндерді көруге болады.

Саябақта фотоға түсуге, кептерлерді қоректендіруге (жемді өзіңізбен ала келуге немесе осында сатып алуға болады), ат мінуге, аттар жегілген күймеде отыруға, Мәңгі алауға гүл шоғын қоюға және әрине, асыр сала жүгіріп алуға болады.

Кіру құны: тегін.

Тұңғыш Президент саябағы

Бұл да Алматының жұртшылық көп келетін орындарының бірі. 2010 жылдың шілде айында ғана ашылған саябақ Әл-Фараби даңғылы мен Науаи көшелерінің қиылысында орналасқан. Алматыдағы ең үлкен субұрқақ осы саябақтың еншісінде. Түрлі түстермен астасып, классикалық музыкамен айналаға сән берген судың сұлулығына куә болғыңыз келсе, сүйікті қалаңыздың ең әсем саябағында еркін тыныстап серуен құрғыңыз келсе, осында ат басын бұрыңыз. 

Кіру құны: тегін.

"Қиял әлемі" саябағы

Абай даңығылы 50-ші үйде (Хамит Ерғали жағалауы мен Орталық Цриктің жанында) орналасқан "Қиял әлемі" саябағы да қызыққа толы. Алматы саябақтарында сирек кездесетін аттракциондар жиынтығы да осында. Саябақ 1997 жылы 29 желтоқсанда ашылған. Аттракциондары саны қырық шамасында. 

Саябаққа кіру құны: 5000 теңге

Жұмыс күндері: Дүйсенбі-жұма күндері 13:00 - 19:00-21:00, сенбі-жексенбі 12:00-19:00-21:00.

Қазаннан наурызға дейін жұмыс жасамайды.   

Отбасылық демалысқа арналған Алматыдағы ең таңдаулы орындардың бірі. Дельфин, итбалықпен қойылатын шоу балаларға ғана емес, ересектерге де керемет көңіл күй сыйлайды. Шоу соңында жануарлармен суретке түсіп, тіпті суға түсуге болады.

Қызмет құны:

- 5 жастан асқандарға 5 000 теңге.

- 5 жасқа дейінгі балаларға тегін (ересектермен бірге отыруы керек).

Қойылым 12:00, 15:00, 18:00-де басталады. Ұзақтығы: шамамен 1 сағат.

Горький атындағы саябақ ішінде орналасқан.

Г. Досымшалова