"9 миллион теңге несиесі бар" - Қорғаныс вице-министрі әскердегі өлім себебін айтты

"9 миллион теңге несиесі бар" - Қорғаныс вице-министрі әскердегі өлім себебін айтты

Қорғаныс вице-министрі сарбаздардың өзіне қол жұмсауына несие, қарыз түрткі болып отырғанын, сондай-ақ, қарыздан бөлек, түрлі әлеуметтік проблема, отбасындағы жанжал да күйзеліске түсіретінін айтты, - деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Соңғы уақытта әскери борышын өтеп жүрген сарбаздың өзіне қол жұмсау деректері көбейді. Мұндай хабар жиілегелі ата-аналар да баласын әскерге жібергісі келмейді. Армиясын ретке келтіру керегін ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та айтты. Мемлекет басшысының сөзінен кейін бұл жағдайды қарайтын арнайы комиссия да құрылған. Кеше, 2 тамызда Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қорғаныс министрлігінің өкілдері осы сұрақтарға жауап берді.

"Әскердегі суицидке, негізінен, түрлі әлеуметтік жағдайлар себеп", - дейді министрдің орынбасары Дархан Ахмедиев.

Тіпті кей сарбаздардың миллиондаған несиесі бар екен.

"Бізге 18 жастағы жігіттер борышын өтеуге келеді. Солардың ішінде, мойнында 9 миллион теңге тұрмыстық және басқа да несиесі бар сарбаздар болды. Бұдан да бөлек, әлеуметтік проблемалар бар. Соның бәрі суицидтің себебі болып жатыр. Әр жағдайды жеке алып қарау керек. Себебін жалпылама айтуға болмайды", - деді вице-министр.

Қорғаныс министрлігі өкілдерінің сөзінше, кейінгі бес ай ішінде елде 4 мыңнан аса суицид дерегі тіркелген. Оның төртеуі Қарулы Күштер қатарында болған.

Г. Досымшалова