"Материалдық шығын - 35 миллион теңге". Алматыда әккі алаяқ ұсталды

Алматыда 33 жастағы алаяқ келіншек халықты алдап, 35 миллион теңгені қолды еткен, - деп хабарлайды Мassaget.kz.

Алматы қалалық полиция департаменті бастығының тергеу жөніндегі орынбасары Рустам Әбдірахмановтың мәліметінше, күдікті жергілікті тұрғындарды арзан азық-түлікпен қамтамасыз етемін деп алдап соққан.

"Алматылық 33 жастағы әйелдің азық-түлікті базардан төмен бағамен жеткіземін деген желеумен ірі көлемде ақша алғаны анықталды. Қазіргі уақытта келтірілген материалдық шығын 35 миллион теңгеден асады", - деп жазды Рустам Әбдірахманов өзінің Instagram-да.

Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігімен қылмыстық іс қозғалды. Әйелге қатысты сот қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берді.