5G толқындары су құрылымын бұзады деген фейк тарады

Танымал қазақстандық Telegram-арналарда судың қату процесі түсірілген бейнеролик тарап жатыр. Кадрдағы адам бұлақ суы қатқан кезде кристалдар қалыптасатынын, ал оған 5G толқындары әсер еткенде, бұлай болмайтынын айтады, - деп хабарлайды Stopfake.kz.

Осылайша, Желі қолданушылары 5G толқындары су құрылымын бұзады, демек олар зиян деген қорытындыға келген. Мұның бәрі - жалған.

Басылым мәліметінше, шын мәнінде, судың қату процесі әртүрлі болады. Бұған әртүрлі жағдайларда түсірілген көптеген видео мысал бола алады. Судың қату процесі, яғни оның сұйық күйден қатты күйге ауысуы оның мөлшері, сапасы, температурасы, қоршаған орта температурасы, су құйылған сыйымдылық және басқа да факторға байланысты болуы мүмкін.

Сондай-ақ, судың, әсіресе, бұлақ суының құрамында қату процесіне әсер ететін қоспалар көп. Бұлақ суы дистилденген суға қарағанда тез қатады, өйткені кейінгісінде қоспа жоқ. Мысалы, судың құрылымы электролиз процесінде бұзылуы мүмкін. Бұл жағдайда су молекулалары сутегі мен оттегіге ыдырайды. Су электролизін жүргізу және оның молекулаларын бұзу үшін арнайы жабдық пен электр тогы қажет. 5G немесе кез келген басқа толқындардың көмегімен электролиз жүргізу мүмкін емес.

5G форматындағы желілердің қоршаған ортаға әсерін Еуропалық парламент комиссиясы бағалаған. Онда 5G толқындары судың құрылымын бұзады деп пайымдауға болатындай ақпарат жоқ. Сондай-ақ, 5G кейбір жаңа диапазондарды пайдаланбайтынын атап өткен жөн. Жүйе Wi-Fi, Bluetooth, 4G және полиция радарларымен бірдей диапазонда жұмыс істейді. Демек, 5G толқындары суға белгілі бір әсерін тигізеді деп болжауға ешқандай негіз жоқ.