"Отпен ойнаған күйеді". Қытай неге АҚШ-пен соғысуға дайындалып жатыр?

Қытай үкіметі АҚШ билігіне ескерту жасады. Мұндағы дау АҚШ елшісі таяу арада Тайваньға барады деген ақпараттан шыққан. Қытайлықтар әскери іс-қимылға да дайын. Massaget.kz тілшісі екі ел арасындағы дау туралы баяндайды. 

АҚШ неге Тайваньді қолдап отыр?

Таяуда АҚШ Өкілдері палатасының спикері Нэнси Пелоси Тайваньға барады деген ақпарат шыққан. Бұл туралы ресми хабарланбаса да, Қытай билігі оған үзілді-кесілді қарсы болып отыр. 

Тайвань проблемасы негізі өткен ғасырдан бастау алады. Бұл - Шығыс Азиядағы аралда орналасқан, тек кейбір ел мойындаған мемлекет. Қытайдан 1949 жылғы азаматтық соғыстан кейін бөлініп шыққан. Бейжің бұл аралдың тәуелсіздігін мойындамайды және өзінің бір провинциясы ретінде қарастырады. Аралдағы әкімшілік статус әлі толық реттелмеген.

АҚШ пен Тайвань билігі арасында ешқандай дипломатиялық қарым-қатынас жоқ, бірақ 1979 жылғы заң бойынша, америкалықтар бұл аралға қорғаныс үшін қару жеткізуге міндетті. Дегенмен АҚШ билігі бұл аралдың тәуелсіздігін әлі мойындамаған. Сондықтан Тайваньдағы мәселе әлі шешілмей тұр. 


©REUTERS

Қазіргі дау неден басталды?

Қазір дүниежүзі назарын аударып отырған Қытай - АҚШ дауына тоқталайық.

Reuters мәліметінше, шілденің аяғында ҚХР басшысы Си Цзиньпин Тайвань төңірегіндегі шиеленістің өршуіне байланысты АҚШ президенті Джо Байденге ескерту жасаған.


Джо Байден мен Си Цзиньпин. ©REUTERS 

Мемлекет басшыларының телефон арқылы сөйлесуі кезінде Си Цзиньпин Вашингтонның "тұтас Қытай қағидасын" ұстануы керегін, Қытай сырттан Тайвань тәуелсіздігі мен сыртқы істеріне араласуға үзілді-кесілді қарсы екенін айтты. Сонымен қатар, Қытай халқының Тайвань мәселесінде "Қытайдың ұлттық егемендігі мен аумақтық тұтастығын қорғауға" бел байлағанын, арал жарияланған тәуелсіздікті мойындамайтынын айтты.

"Отпен ойнаған күйеді. АҚШ бұған шындап қарайды деп үміттенеміз", - деді Си телефон арқылы.

Байден Си Цзиньпинге АҚШ-тың Тайваньға қатысты саясаты өзгермегенін және Вашингтон Тайвань бұғазы арқылы "статус-квоны" өзгертуге немесе бейбітшілік пен тұрақтылықты бұзуға бағытталған біржақты әрекеттерге қарсы екенін айтты.

Спикердің сапары қақтығысқа әкелуі мүмкін

АҚШ спикері Нэнси Пелосидің Азияға турнесі басталатыны хабарланған. Бұл спикердің АҚШ билігіндегі орнын түсіндіре кетейік, Нэнси Пелоси - бұл елде президент лауазымына кезектегі үшінші адам.

Пелоси Азияда баратын елдер тізімі 31 шілдеде жарияланған. Онда Сингапур, Малайзия, Оңтүстік Корея мен Жапония болды. Ал Тайвань туралы ештеңе жазылмаған. 


Нэнси Пелоси мен Сингапур премьер-министр Ли Сянь Луну. ©REUTERS

Осыған қарамастан, Қытай үкіметі Нэнси Пелоси Тайваньға барса, қатаң шара қолданатынын ескертті. Қытай Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Чжао Лицзянь Пелосидің Тайваньға сапары Қытайдың ішкі ісіне араласу болатынын айтып, ол өте ауыр зардаптарға әкелетінін мәлімдеді.

"Біз АҚШ-қа Қытай дайын екенін, Қытай Халық азаттық армиясы ешқашан қол қусырып отырмайтынын, Қытай егемендігі мен аумақтық тұтастығын қорғау үшін қатаң жауап қайтару шараларын қолданатынын тағы да қайталаймыз", - деді Чжао Лицзянь кезекті күнделікті брифингте.


Фото: Reuters

Қытай америкалық тарапқа неге қарсы шығып отыр? Қытай АҚШ ресми өкілдерінің Тайваньға сапарын бір тұтас Қытай қағидатын бұзу деп санайды. Сондықтан америкалық шенеуніктер Тайваньға жиі бара бермейді. АҚШ Өкілдері палатасының спикері ретінде Тайваньға кейінгі рет барған Ньют Гингрич екен, ол бұл аралға 1997 жылы барған. 

АҚШ не деп жауап берді?

Ал АҚШ Нэнси Пелосидің Тайваньға сапарына байланысты Қытайды "қару-жарақты шығарудан" аулақ болуға шақырды. Бұл туралы Ақ үйдің ресми өкілі Карин Жан-Пьер мәлімдеді. 

"Біз мұндай әрекетке ешқандай себеп көріп тұрған жоқпыз, бұл қажет емес деп есептейміз. Президент (АҚШ Джо Байден) біздің "бір Қытай" саясатына қатысты ұстанымымыз өзгермегенін айтты", - деп келтіреді РИА Новости спикер сөзін.

Ақ үйдің тағы бір өкілі Джон Кирбидің айтуынша, Нэнси Пелосидің Тайваньға бару жоспары Вашингтонның аралға қатысты саясаты өзгергенін көрсетпейді.

Сондай-ақ, ол Қытайдың шенеуніктің ықтимал сапарын агрессияға сылтау етіп пайдалануға еш негіз жоқ деп есептейді.

"АҚШ Тайваньға қолдау көрсетуді жалғастырады, ал біз Бейжіңмен байланыс арналарын ашық ұстауға тырысамыз", - деді Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің стратегиялық байланыс үйлестірушісі.

АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Пелоси Тайваньға барса, Бейжің жауапкершілікпен әрекет етіп, шиеленіс тудырмауы керек екенін айтты.

Қытай Тайваньмен шекарасына әскер жинап жатыр

Шілденің аяғында Қытай Халық азаттық армиясының басшылығы сарбаздарды "соғысқа дайындалуға" шақырған еді. Орталық ақпарат агенттігінің мәліметінше, Қытай армиясы Тайваньмен шекарада оқу-жаттығу өткізіп жатыр, ол 4 тамызға дейін жалғасады. 

"Нэнси Пелоси Тайваньға баратын делегацияны басқаруы мүмкін. Бүгін таңертеңнен бастап 4 тамыз түске дейін Қытайдың барлық деңгейдегі қарулы күштері жауынгерлік әзірлігін күшейтеді. Тайвань бұғазының айналасындағы әскери кемелер жағдайға тиімді әсер ете алады", - делінген агенттіктің ресми сайтында.


© Facebook/Cathay.military

Сондай-ақ ҚХР оқу-жаттығуларының өзі Оңтүстік Қытай теңізінде өтіп жатқаны атап өтілді. 2 тамызда таңғы сағат 8-ден бастап Қытай ұлттық армиясының әскерлері де жауынгерлік әзірлігін күшейткен.

Пелоси Тайваньға бара ма?

Биыл күзде зейнетке шығуды жоспарлап отырған 82 жастағы Нэнси Пелосидің Азияға турнесі 1 тамызда басталған. CNN телеарнасы америкалық және тайваньдық шенеуніктердің Пелосидің жоспарын сұрапты. Спикер бүгін Тайваньға баруды жоспарлап отыр екен, бірақ бүгін түнде қонып, ертеңіне қайта ұшып кетеді.

Пелоси мінген ұшақ Тайбэйге нақты қашан қонатыны әзірге белгісіз. Америкалық шенеуніктердің айтуынша, Қорғаныс министрлігі Қытайдың аймақтағы кез келген қозғалысын тәулік бойы қадағалап, оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету жоспарын әзірлеп жатыр. 

Тайваньдық EtToday порталының мәліметінше, Пелоси бастаған делегация аралға 2 тамызда сағат 22:20-да келіп, келесі күні кетіп қалады. Портал делегация Тайбэйдегі Grand Hyatt немесе Marriott қонақүйінде тұратынын жазған. 

Қытай мен АҚШ арасында қақтығыс болуы мүмкін бе?

Кейінгі 70 жыл ішінде Қытай, Тайвань мен АҚШ арасында үш үлкен қақтығыс болды, олардың кейінгісі 1995-1996 жылы тіркелген. Financial Times порталының мәліметіне сүйенсек, Шанхайдағы Фудань университетінің америкалық зерттеулер орталығының директоры У Синбоның айтуынша, Пелосидің Тайваньға сапары сол жылдардағы оқиғаларға ұқсас жаңа дағдарысты тудыруы мүмкін.

СNN ақпараты бойынша, сарапшы кейінгі 26 жылда Қытайдың әскери күші айтарлықтай артқанын атап өтті. Оған Қытай университетінің Халықаралық қатынастар профессоры Жэньминь Ши Иньхун да келісіп отыр, ол "Қытай бұрын-соңды болмаған қарсы шаралармен жауап береді" деп айтқан.

АҚШ мемлекеттік департаментінің бұрынғы кеңесшісі Бонни Глейзер The New York Times газетінде осыған қатысты пікір білдірген. Оның жазуынша, Пелосидің сапары "қауіпті авантюраға" айналуы мүмкін. Сарапшының пікірінше, тараптардың ешқайсы әскери қақтығысты қаламайды, бірақ қазіргі жағдайда қақтығыс шығу қаупі бар.