Жаркенттегі қылмыс: Қызды бірнеше адам зорлады деген жалған ақпарат тарады

Жетісу облысында жантүршігерлік қылмыс жасаған күдікті тергеуден өтіп жатыр, - деп хабарлайды "КТК" телеарнасы.

Телеарна мәліметінше, 38 жастағы жергілікті тұрғынға кәмелет жасына толмаған қызды зорлау және өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған.

"Кінәсін мойындаған күдіктіге заң аясында қатаң жаза қолданылады. Ал әлеуметтік желілерде "қызды ұлты басқа бірнеше ер адам зорлап өлтірді" деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Бұл жерде ұлтаралық мәселенің ешқандай қатысы жоқ. Панфилов ауданында жағдай тұрақты", - дейді Жетісу облысы әкімі баспасөз хатшысының міндетін атқарушы Думан Алтынбекұлы.

Полиция мәліметінше, 15 жастағы қызды азаптап өлтірген күдіктінің осыған дейін де ұқсас қылмыс жасағаны үшін істі болған. Шолақай ауылының оқушысы Құралай Қисабекова 21 шілдеде кешкісін құрбысының үйіне қарай шығып, із-түзсіз жоғалып кеткен. Тоғыз күн өткен соң оның денесі табылған. Күдікті алдымен бойжеткенді зорлап, кейін қылмыстың ізін жасыру үшін пышақтап өлтіріп, денесін өртеп жіберген.