Дүкен қызметкерлері тексеріске келген шенеуніктің куәлігін алып, қуып шыққан

Дүкен қызметкерлері тексеріске келген шенеуніктің куәлігін алып, қуып шыққан
Фото: Видеодан алынған кадр

Қырғызстанда дүкен қызметкерлері тексеріске келген монополияға қарсы реттеу қызметі төрағасының орынбасары Ақжолтой Тукуновты ғимараттан шығарып жіберіп, куәлігін алып қойған, - деп хабарлайды 24.kg.

Басылым мәліметінше, 31 шілдеде сағат 22.00-де жаңадан тағайындалған шенеунік мекеме әкімшілігіне түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында Шу облысы Аламедин ауданы Маевка ауылындағы "Березка" дүкеніне барған. Монополияға қарсы қызмет басшысының орынбасары мұнда азық-түлік қымбат екенін атап өткен. Біраз уақыттан кейін оған Витя есімді ер адам келіп, шенеуніктен түсірілімді тоқтатып, мекемеден кетуін талап еткен.

Дүкен қызметкерлері Ақжолтой Тукуновқа жұмыс уақытында, яғни сағат 9.00-ден 18.00 аралығында келгені дұрыс екенін әрі тексеріске рұқсатпен келуі керегін айтып, шығарып жіберген. Олар Ақжолтой Тукуновтың көмекшісінің де құжаттарын алған.

Айта кетейік, белсенді Ақжолтой Тукунов 5 шілдеде монополияға қарсы реттеу қызметі төрағасының орынбасары болып тағайындалған.

Ж. Қадыржанова