"Ұстама ана жеріңді, болмайды, жаман нәрсе"

Қоғамдағы педофилия тақырыбы күн өткен сайын ушығып бара жатыр. Кеше ғана Жетісу облысында 15 жастағы оқушы қызды зорлау дерегі тіркелді. 

Балаларда жыныстық түсінік қашан қалыптасады? Бір үйде өскен қыз бен баланы қалай тәрбиелеу керек? Психолог Мөлдір Тоқжанова осы сауалдарға жауап берді.

"4-5 жасар бала әйелдер моншасында жүреді"

Маманның сөзінше, балаларға жыныстық сауат мәселесін үйретпес бұрын ата-ана әр ісіне абай болуы қажет.

"Кейде аналар да 7 жасар баланың көзінше моншаға түсіп жүреді. Бұл өте дұрыс емес жағдай. Өзім талай көрдім, 4-5 жасар балалар әйелдер моншасында жүреді. Бұл жақсылыққа апаратын нәрсе емес", - дейді психолог.

"Жыныстық түсінік 3 жастан басталады"

Мөлдір Тоқжанова балаларға қай жастан бастан жыныстық сауат мәселесін үйрету керегін түсіндірді.

"3 жастан бастап балаға да, қызға да үйретуіміз қажет. Балада жыныстық түсінік 3 жастан басталады. "Мен қызбын, мен ер баламын" деп ойлайды. Қыз қуыршақпен, ер бала көлікпен ойнай бастайды. Бұдан ертерек болса, нұр үстіне нұр", - деп түсіндірді маман.

Бір үйде өскен балаларға қалай үйрету керек?

Психолог бір үйдегі балаларды қалай тәрбиелеу керегін айтты.

"3 жастан жоғары жыныс мүшелерін көрсетпеуге үйрету қажет. Ер бала мен қыз баланы бір жерде шомылдырсақ та, ішкиіммен жуындыру керек. Осы кезден бастап жыныс мүшелерін көрсетуге болмайтынын түсінуі керек. Сыртта дәрет сындыратын балалар болады, оларға "сыртта дәрет сындыруға болмайтынын" айту керек. Оның бәрі үйде айтылатын нәрсе", - деді Мөлдір Тоқжанова.

"Бізде ұят емес пе?" деп үйретеді"

"Кейде "ұстама ана жеріңді, болмайды, жаман нәрсе" деп жатады. Ол жаман нәрсе емес. Ол баланың дене мүшесі. Сондықтан "жаман нәрсе, олай істеме, бұлай істеме, ұят болады, ол жайлы айтпа" деп үйрету дұрыс емес. Тыймауымыз керек. Баланың басында сұрақтар бар ма, жауап беру қажет. "Иә, қызым, 12 жасқа келген кезде етеккір деген нәрсе болады" деген секілді білім беру керек. Оның ешқандай ұяты жоқ. Бала "менде біртүрлі жер бар, ұят, мен дұрыс емеспін, өзімнен" деген нәрселерді дұрыс қабылдауы қажет. Бізде "ұят емес пе?" деп қана үйретеді. Не үшін ұят, астары қандай? Оны түсіндірмейді. Баламен әңгіме айту қажет", - деді маман.

"Анам да, әкем де солай істейді ғой". Бәрі үйден басталады

Психолог үйде баланың жеке шекарасын бұзбауға шақырды.

"Бұл нәрселерді айтумен үйрете алмаймыз. Іс-қимылмен қалыптасады. Кішкентай кезден қалыптасады. Бала ол әурет жер екенін, оны көрсетпеу керегін, оны ешкім ұстауға қақысы жоғын білсе, өскен кезде айта алады. "Болмайды, жақындамаңыз, мен қазір айғайлаймын" дейді. Үйде баланың шекарасын бұзып, жұлмалап, киімін жұлқылап киіндірсек, қалаған уақытымызда жұлмалап киімін шешіп алсақ, бала "бұл нәрсе қалыпты" деп ойлайды. "Маған сондай қарым-қатынас жасайды, анам да, әкем де солай істейді ғой" деп ойлайды", - деді психолог.

Етеккір туралы қай жастан айту қажет?

"Етеккір туралы 9-10 жастан бастап айтуға болады. "Бұл қалыпты жағдай, бұл сенің өскеніңді білдіреді" деп түсіндіру қажет. Бұл нәрсе "келсе, салып ал" деп төсенішті қалай салудан үйретуден қалыптаспайды. Ол нәрсе не үшін келіп тұр? Соны ұғындыру қажет. "Ағзаң болашақта ана болып, сені балалы болуға дайындап жатыр. Бұл сенің жақсы дамып жатқаныңды көрсетеді" деп ұғындыру керек. "Ол - сенің проблемаң" емес дегенді жеткізу керек", - дейді маман.

Ер балаларды қалай тәрбиелеу керек?

"Болмайды" деу - симптомдармен күресу. Проблемамен күресу емес. Балаға жанашырлықты үйрету керек. Бала ауырса, мұрнын сүрте береміз. Шын мәнінде, олай емдей алмаймыз. Дәрісін беру керек. Сол секілді "олай істеме, айтпа" дей берсек, симптомдарымен күрескен боламыз. ...Үйде баланың іргетасын қалай құйсақ, өскенде қоғаммен дәл сондай қарым-қатынаста болады. Сезімтал, басқаның жағдайын түсіне алатын бала ешкімді ренжітпейді. Мысалы, үлкен адамның зейнетақысын тартып алмайды, ұрламайды. Себебі "әже" ғой деп ойлайды, жаны ашып тұрады. Ондай баладан қылмыскер шықпайды. Өзімнің "қызымдай, қарындасымдай ғой" деп ойлайды. Үйде теріс энергия көп болса, "сырттағы адамның бәрі жау" десек, сыртқа қарсы теріс пікір қалыптасады, осылайша, өзінің зұлымдығын жасайды", - деді психолог Мөлдір Тоқжанова.