Қазақстан халқы 2050 жылға қарай 27 миллионнан асады - министрлік болжамы

Қазақстан халқы 2050 жылға қарай 27 миллионнан асады - министрлік болжамы
Фото: Әлихан Сариев

"Еңбек ресурстарын дамыту орталығы" АҚ Болжамдау департаментінің сарапшылары туу, өлім және көші-қон көрсеткіштерінің негізінде демографиялық болжам дайындады, - деп хабарлайды Massaget.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап. 

Талдауға сәйкес, Қазақстан халқының саны 2030 жылға қарай 20,8 миллионнан (теріс сценарийде) 21,5 миллион-ға дейін (оң сценарийде), ал 2050 жылға қарай 23,5 миллионнан 27,7 миллион-ға дейін болуы мүмкін.

"Бұл ретте, егер өлім мен туу көрсеткіштері 2021 жылғы деңгейде, ал сыртқы және өңіраралық көші-қон 2017-2021 жылдардағы орташа мәнде сақталса, Қазақстан халқының саны 2030 жылға қарай 20 миллион 958 мың адамға, ал 2050 жылға қарай - 27 миллион 192 мың адамға жетеді", - деп атап өтті ЕРДО Болжамдау департаментінің директоры Дмитрий Шумеков.

Ол ЕРДО таңдалған базалық жылға, туу деңгейіне, өлім-жітімге және көші-қонға байланысты әр өңір бойынша 27 негізгі сценарийді болжайтынын атап өтті. Сондай-ақ, халықтың санын осы негізгі көрсеткіштер шеңберінен тыс модельдеуге мүмкіндік беретін механизм жасалды, мысалы, туу көрсеткішін жоғарылату немесе өлімді белгілі бір пайызға төмендету.

Шумековтің мәліметінше, 2030 жылға қарай орталық сценарий бойынша халық саны Нұр-Сұлтан қаласында - 420 мың адамға немесе 33 пайызға, 1,7 миллион адамға дейін, Алматы қаласында - 414 мың адамға немесе 20 пайызға, 2 миллион 466 мың адамға дейін, Шымкент қаласында - 369 мың адамға, немесе 32 пайызға, 1,5 миллион адамға дейін өседі.

Бұдан басқа, Түркістан облысында халық саны 207 мың адамға, Маңғыстау облысында - 170 мың адамға, Алматы облысында - 145 мың адамға ұлғаяды. Шығыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Павлодар және Ақмола облыстарында халық санының қысқаруы мүмкін.

2050 жылға қарай, ЕРДО сарапшыларының есептеріне сәйкес, болжамның орталық нұсқасын алып қарайтын болсақ, өсу бойынша көшбасшы Шымкент қаласы болады, оның халық саны 1 миллион 679 мың адамға артып, 2,8 миллион адамға жетеді немесе 2022 жылмен салыстырғанда 2,5 есеге артады. Нұр-Сұлтан қаласында өсім 1 миллион 634 мың адамды құрайды, бұл 2,3 есе өсімге, 2,9 миллион адамның көрсеткішіне сәйкес келеді. Алматы қаласында тұрғындар саны 3,5 миллион адамға дейін немесе 1,4 миллион адамға (2022 жылға қарай+69 пайыз) өседі. Маңғыстау облысында халық саны 820 мың адамға өседі, соның салдарынан өңірдегі халық саны 1 миллион 571 мың адамға жетеді.

"Біздің болжамымыз бен БҰҰ Экономикалық және әлеуметтік мәселелер жөніндегі департаментінің жаңа демографиялық болжамы ұқсас және сценарийге байланысты халық санының 2030 жылға қарай 20,8 миллион-нан 21,5 миллион адамға дейін, ал 2050 жылға қарай 23,5 миллионнан 27,7 миллионға дейін өсуін болжайды", - деп бөлісті Дмитрий Шумеков.

Жалпы, БҰҰ сарапшыларының сараптамасына сәйкес, осы жылдың қараша айында әлемдік халық саны 8 млрд адамнан асатынына қарамастан, соңғы уақытта өсімнің біртіндеп баяулауы байқалады. Мәселен, 2019 жылы халық өсімі 76 миллион адамды құраса, 2021 жылы 68 миллион адам болды.

"Келесі 9 миллиардтық межеге 2037 жылға, ал 10 миллиардтық межеге 2058 жылға қарай жетеді деп күтілуде. Бірақ бұл ретте 2019 жылғы болжамда 2022 жылға күтілетін көрсеткіш 7 миллиард 954 миллион адам болды, яғни пандемия халықтың жиынтық өсуіне парадоксалды түрде оң әсерін тигізді", -деп түйіндеді сарапшы.

Сонымен қатар, 2050 жылға қарай халықтың болжамды өсімінің жартысынан көбі (1,8 млрд адам) тек сегіз елде шоғырланатын болады: Үндістан (253 миллион), Нигерия (159 миллион), Пәкістан (132 миллион), Конго Демократиялық Республикасы (118 миллион), Эфиопия (91 миллион), Танзания (64 миллион), Египет (49 миллион), Филиппин (42 миллион).

БҰҰ мәліметтері бойынша, келесі жылы Қытай халық саны бойынша Үндістанға жол береді, ал 2030 жылға қарай үнділер саны қытайлардан 100 миллион адамға асып түседі және Қытайдағы 1 миллиард 416 миллион адаммен салыстырғанда 1 миллиард 515 миллион адамды құрайды. 2050 жылға қарай Үндістан халқының саны 1,7 миллиард адамға жетеді, Қытай - 1,3 миллиард адамға дейін қысқарады. 2050 жылға қарай әлемдегі халық саны бойынша үшінші ел Нигерия болады (2050 жылы 377 миллион адам, 2022 жылы 218 миллион адам), АҚШ төртінші орынға түседі (2050 жылы 375 миллион адам, 2022 жылы 339 миллион адам), халық саны бойынша бесінші ел Пәкістан болады (368 миллион адам және сәйкесінше 236 миллион адам), ал алтыншы - Индонезия (317 және 275 миллион адам).

Халық саны 2050 жылға қарай едәуір қысқаратын елдер арасында сол Қытайды (2022 жылмен салыстырғанда 113 миллион адамға немесе 7,9 пайызға), Жапонияны (20 миллион адамға немесе 16,3 пайызға), Ресейді (11,6 миллион адамға немесе 8 пайызға), Италияны (6,8 миллион адамға немесе 11,5 пайыз), Украинаны (6,8 миллион адам немесе 17,2 пайыз), Оңтүстік Кореяны (6 миллион адамға немесе 11,7 пайыз), Польшаны (4,9 миллион адамға немесе 12,4 пайыз) және Германияны (4,4 миллион адамға немесе 5,3 пайыз) бөліп көрсетуге болады.

Бұдан басқа, халық саны 1 миллион адамнан асатын мемлекеттердің ішінде салыстырмалы түрде алғанда ең көп депопуляция 2050 жылға қарай Шығыс және Орталық Еуропа елдерінде, атап айтқанда Болгарияда (-23,5 пайыз), Латвияда (-22,5 пайыз), Литвада (-20,5 пайыз), Сербияда (-20 пайыз), Хорватияда (-17,3 пайыз) күтіледі. Бірқатар елде халықтың азаюы әлемнің "қартаюына" алып келеді. 65 және одан жоғары жастағы халықтың үлесі осы жылғы 10 пайыздан 2050 жылы 16 пайызға дейін өседі деп болжанып отыр.

С. Сатыбалдина