"Айжұлдыздың өз әкесін сұрайтындар бар". Жанар Айжанова күйеуі туралы тың естелік жариялады

Белгілі әнші, актриса Жанар Айжанова әлеуметтік желідегі парақшасында марқұм күйеуі туралы естелігімен бөлісіп, үйлену тойының видеосын жүктеген, - деп хабарлайды Мassaget.kz.

"Бұл осыдан 27 жыл бұрын менің қожалардың әулетіне келін болып түскен оқиғам. Марқұм Адайбек тойдан кейін көп ұзамай жол апатынан қайтыс болып кетті. Екеуміз де 27 жаста болатынбыз", - деп еске алған Жанар Айжанова.

Әнші өзінің тағдырлы өмірі сол кезден басталғанын айтады.

"Көзімді жұмып, қанша рет дария кештім десейші. Аяғым ауыр, елде тоқырау, әркім өз басымен қайғы болып кеткен кез. Сүйенерім де, сенгенім де бір Алла. "Жыртық үйдің Құдайы бар" демекші, тырмысып жүріп қанаттыға қақтырмай қызымды өсірдім.

"Айжұлдыздың өз әкесі кім" деп әлі күнге дейін сұрайды елдер. Әкесі жігіттің сұлтаны, бір сөзді, мысы басым, қолы ашық, сымбатты, нағыз ержүрек батыр дер едім. Ерте кетті. Алланың жазғаны сол болды. Осыдан екі жыл бұрын елге қызым екеуміз арнайы барып, Айжұлдызды әжесіне, бауырларына апарып, ас беріп, басына Құран оқып келеміз деп отырғанда, карантинге тап болдық. Соның реті биыл келді. Айжұлдыз әкесінің басына барып, өзі Құран оқып, әжесіне сәлем беріп, бауырларымен қыдырып, үлкен іс бітіріп келдік", - деген Жанар Айжанова.

Ол қызының әжесі 87 жасқа келсе де, мамыр айында Сылдырмақтың (жиені-ред.) тұсаукесер тойына арнайы келіп, батасын беріп кеткенін айтады. Алшақтап бара жатқан араларын қарияның өзі келіп, қайта жалғап кетіпті.

"Бүгін мынау видеоны интернеттен тауып алдым" деп Қарағандыдан бір танысым whatsapp-қа жіберіпті. Содан өткен 27 жылға ойша саяхат жасап, көз алдыма кино сияқты небір дүниелер келіп, біраз толқыдым. Ақыры, интернетте жүр екен, менің де лентамда тұрсын деп ойладым", - дейді әнші.