Қырғызстанда тергеу изоляторында қылмыс әлемінің авторитеті өлтірілді

Бішкектегі №21 мекеме камераларының бірінде қылмыс әлемінің авторитеті Доо Шыңғыс өлтірілгені анықталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Қырғызстан Әділет министрлігіне қарасты үкімдерді орындау қызметі дерегіне сүйенсек, алдын ала мәлімет бойынша оны бір камерада отырған сотталушы жеке араздық негізде өлтірген.

"Кісі өлтірген адам бұл деректі мойындады. Қазір оқиғаның барлық мән-жайын тиісті тергеу органдары анықтап жатыр", - деп қосты ведомсвто өкілдері.

Еске салайық, қылмыстық ортада Доо Шыңғыс деген атпен танымал ұйымдасқан қылмыстық топ мүшесі Шыңғыс Жұмағұлов биыл 15 шілдеде ұсталған болатын.