Алматыда адам саудасына қатысты жеті деректің жолы кесілді

Алматылық полицейлер жыл басынан бері адам саудасының жеті дерегінің жолын кесті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Қалалық криминалдық полиция Дүниежүзілік адам саудасына қарсы күрес күніне орай осындай деректерді жариялап отыр.

"Тек жыл басынан бері бөлімше қызметкерлері адам саудасына қатысты жеті қылмыстық құқық бұзушылықты анықтады. Атап айтқанда, бес дерек - жезөкшелікпен айналысуға арналған үйді ұйымдастыру және ұстау, кәмелетке толмағандарды жезөкшелікпен айналысуға тартудың бір дерегі және жаңа туған сәбиді сатуға оқталу. Қазіргі уақытта осы эпизодтар бойынша соталды тергеу жүріп жатыр. Кінәлілер жасаған әрекеттері үшін заң аясында қатаң жауап береді", - деді Алматы қаласы Криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары Руслан Смағұлов.