Маңғыстауда жантүршігерлік жол апаты болды: төрт адам қаза тапты

Республикалық Ақтау-Бейнеу тасжолының 325-шақырымында жол-көлік оқиғасынан төрт адам қаза тауып, тағы екеуі жарақат алды, - деп хабарлайды "Лада" басылымы.

Қайғылы оқиға 28 шілдеде түс ауа болған. Lada Priora көлігінің жүргізушісі рөлді басқара алмай, қарсы жолаққа шығып кетіп, Mercedes Benz S-320 көлігімен бетпе-бет соқтығысқан.

Желіде апат орнынан түсірілген видео жарияланды.

"Жол-көлік оқиғасы салдарынан екі жүргізуші, Lada Priora көлігінің екі жолаушысы алған жарақаттарынан қаза болды. Сонымен қатар, екі жолаушы зардап шекті, олар жақын маңдағы аудандық ауруханаға жатқызылды", - деді облыстық полиция өкілдері.

Дерек Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-бабы 4-бөлігі бойынша Маңғыстау ауданының полиция бөлімінде соталды тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелген. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.