Нұр-Сұлтанда әйел алаяқтың құрбаны болғанын дәлелдей алмай жүр

Нұр-Сұлтанда әйел алаяқтың құрбаны болғанын дәлелдей алмай жүр
Фото: © elements.envato.com

Елордалық әйел алаяқтың құрбаны болғанын дәлелдей алмай жүр, - деп хабарлайды Massaget.kz Нұр-Сұлтан сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

2021 жылдың аяғында елорда тұрғынына өзін Хоум Кредит банктің қауіпсіздік қызметі қызметкерімен деп таныстырған ер адам қоңырау шалып, оның атына несие рәсімделгенін және оны жою үшін банктің мобильді қосымшасын жүктеп, оның айтқан нұсқауларын орындауы керегін жеткізген. Сол күні әйел өз атына жалпы сомасы 1 750 000 теңге болатын екі несие рәсімделгенін білген.

Осы оқиғадан кейін әйел полицияға жүгініп, сотқа арыз берген.

"Нұр-Сұлтан қаласы Сарыарқа аудандық сотының 2022 жылғы 26 сәуірдегі шешімі бойынша осы несие шарттары жарамсыз деп танылған.

Апелляциялық саты іс материалдары мен апелляциялық шағым дәлелдерін зерделеп, аудандық сот шешімінің күшін жойды. Талап қоюшының еркінен тыс оның атына несие берілгені туралы дәлелдер сотта сенімді дәлелдермен расталмады", - делінген сот хабарламасында.

Сот мәліметінше, даулы шарттарға талап қоюшының электрон цифрлық қолтаңбасы қойылған.

"Алқа іс бойынша жаңа шешім шығарды. Әйелдің банкке несие шарттарын жарамсыз деп тану туралы талабын қанағаттандырудан бас тартылды.

Бұдан басқа, үшінші тұлғалардың алдау әрекеті заңды күшіне енген айыптау үкімі не қылмыстық қудалау органының қылмыстық істі ақталмайтын негіздер бойынша қысқарту туралы қаулысы бойынша дәлелденуі тиіс екенін білген абзал", - делінген хабарламада.

Ж. Қадыржанова