Ипотекаға үй алу әлде жер үй салу: қайсы тиімді?

Ипотекаға үй алу әлде жер үй салу: қайсы тиімді?

Ипотекаға пәтер алған тиімді ме, жер алып, жекеменшік үй салған тиімді ме? Екеуінің де өз артықшылығы, өз қиындықтары бар. Massaget.kz тілшісі ипотекаға пәтер алған және жекеменшік үй салып алған қазақстандықтармен сөйлесіп, пікірін білді.

"Жекеменшік үй салуға көп қаражат керек"

Бауыржан - Алматы қаласының тұрғыны. IT, құрылыс, ауыл шаруашылығы саласында өз кәсібі бар. 2018 жылы Түрксіб ауданы, "Қайрат" шағын ауданынан 8 соттық жер сатып алған. Бағасы - 40 мың доллар.

"Үйімді 2019 жылдан бастап салдым. Үйді толық аяқтауға екі жылдай уақыт кетті. Ол кезде коммуникациядан жарық пен газ болды. Су алу үшін ұңғыма қойғанбыз. Канализация емес, септик болды. Ал қазір бәрі орталықтандырылды", - дейді ол. 

Бауыржан үй салу үшін көп қаражат керегін айтады. Ол қаражат жинап, коттедж тұрғызған. Үйдің көлемі - жертөлені қосқанда 504 шаршы метр. 5 жатын бөлме, 42 шаршы метр болатын үлкен зал, ас үй, жұмыс кабинеті, киім ауыстыратын екі бөлме, төрт санузел бар. Ал жертөледе спортзал, ұстахана, қоймалар салынған.


Бауыржанның үйі

Оның айтуынша, осындай үй салуға 70 миллион теңге кетіпті. Бірақ бұл сомаға асүйге арналған жиһаз да кіреді. 

"Үй салу кезіндегі бірінші мәселе - құрылыстан хабарыңыз болуы керек. Өйткені кәсіби мамандар жетіспейді. Үй салатын арнайы компаниялар тым қымбат. Жеке бригадалар жалдасаңыз, ұрынып қалуыңыз мүмкін. Кәсіби емес, алдап кететін бригадалар бар. Мен екі бригада жалдап, екеуінде де ұрынып қалдым. Алдын ала төлем сұрап, ақшасын алып алады да, нашар жұмыс істейді. Ақшасын беріп қойған соң, олардан бас тарта алмайсың", - дейді ол. 

Сонымен қатар, ол құрылыс материалдарын таңдауда қиындықтар туындағанын айтады.

"Өйткені біздің нарықта Қытайдың арзан, сапасыз материалы көп. Еуропалық немесе сол Қытайдың жақсы материалдары бірнеше жерде ғана сатылады. Толық нарықтағы базарда олар жоқ. Электр өткізуге арналған сымның өзі проблема, сапасызын алып қойсаңыз, кейін өрт шығу қаупі болуы мүмкін. Сантехникаға арналған құбырлардың да сапасызы тап болуы мүмкін. Мен үй салған екі жылымда жарты күн жұмыс істеп, жарты күнімді материал іздеумен өткіздім", - дейді үй қожайыны. 


Фото:elements.envato.com

Дегенмен, қаражаты мен уақытын шығындаса да, Бауыржан жекеменшік үй салу тиімді деп санайды. 

"Жекеменшік үйлердің өз артықшылығы көп. Өзіңіздің аулаңыз болады, не істеймін десеңіз де өз еркіңіз. Одан бөлек, тыныштық. Кейбір көпқабатты үйлердегідей көршілердің ұрысын естіп отырмайсыз. Одан бөлек, жекеменшік үйдің өзіндік құны арзан болады. Мысалы, менің үйімнің көлемі - 504 шаршы метр. Оған кеткен 70 миллионды есептесек, әр шаршы метрге 140 мың теңгеден төлеген болып шығамын. Пәтер алсаңыз, мұндайды таба алмайсыз. Дегенмен, өзіңізге үй салғанда құрылысты созбаған дұрыс. Себебі уақыт өткен сайын құрылыстың өзіндік құны өсе береді. Сондықтан белгілі бір қаражат жинап алған дұрыс", - дейді Бауыржан. 

"Жастарға ипотека ыңғайлы"

Ал Меруерт Кабиденова мен оның жұбайы - Нұр-Сұлтандағы жас отбасылардың бірі. Бүгінде елорданың сол жағалауында тұрады. Пәтерді ипотекаға алған. 

"Жолдасым екеуіміз жеке кәсіппен айналысамыз. 2020 жылы Мұхамедханов көшесіндегі 20-үйден ипотекаға үй сатып алдық. Пәтерді 7-20-25 мемлекеттік бағдарламасымен алдық. Екі бөлмелі пәтердің бағасы 23 700 000 теңге болды, көлемі - 72 шаршы метр. Сонда әр шаршы метрі - 330 мыңнан. Ол жөндеусіз, былайша айтқанда "черновой" пәтер болды", - дейді Меруерт.


Меруерт пәтер алған үй

Оның айтуынша, ипотека шарттары мынадай: 20 пайыз бастапқы жарна құйған, банк несиені мақұлдауы үшін қалған 80 пайызын 25 жылға есептеткен. Сонда қазір олар айына 135 мың теңгеден төлеп отыр. 

"Ипотекамен үй алу қиындау. Банк мақұлдауын аласың, кейінгі алты айлық табысыңа қарайды, төленбей қалған кредитің болмауы керек, жалақың мен зейнетақы аударымдары жақсы болуы қажет. Мен үш рет өтінім бергенмін, алғашқы екеуінде банк ипотеканы мақұлдаудан бас тартты", - дейді ол. 

Меруерт 25 жыл бойы ипотека төлеп отыру үлкен проблема емес деп санайды. 

"Иә, ипотеканы халық 15, 20, 25 жыл төлейді. Бірақ өз пәтері болмаған соң 15-20 жыл бойы біреудің үйін жалдап, дәл солай 150-200 мың теңге төлеп отыратын отбасылар бар. Сондықтан, бастапқы жарнаны жинап, өзіңізге ыңғайлы жерден, өзіңізге ұнайтын пәтер алған дұрыс деп санаймын. Әрине, банк жүйесі бойынша бірінші қарыз үстіндегі пайызды төлейсің. Бірақ мүмкіндігің болып жатса, көбірек ақша құйып, ипотеканы 20 жылға жеткізбей жауып тастауға болады", - дейді елорда тұрғыны. 

Оның пікірінше, жекеменшік үйде тұрған жақсы, бірақ оны салуға көп қаражат керек.

"Жер сатып алып, үй салу қиын. Ол құрылысты жақсы білетін адамға оңай шығар, бірақ халықтың көбіне қиын деп ойлаймын. Жер алып, оның архитектурасын жасау керек, ішкі системасын білу қажет, жиналған қаражатыңыз болуы керек. Ал біз сияқты жас отбасыға ең дұрысы ипотека деп ойлаймын. Бұл жерде әр отбасының жағдайын да қарау керек. Қарт адамдары бар кей отбасына жекеменшік үй ыңғайлы, ал қала орталығында тұрғысы келетін жастарға пәтер ыңғайлы болуы мүмкін", - деді ол. 

Е. Төлеш