"Жанжал, қысым". Келін болып түскенде қандай жайттарға дайын болу керек?

"Жанжал, қысым". Келін болып түскенде қандай жайттарға дайын болу керек?
Фото: © old.aqmeshit-zhastary.kz

Қыз баланың шаңырақ құрып, жаңа отбасына келуі - бейімделуді қажет ететін процесс. Үйренісе алмаған жағдайда екі жас ажырасып та кетуі мүмкін. Жаңа келінге қысым да жасалуы мүмкін. Осы жағдайлардың алдын алу жолдары бар ма? Жаңа үйге қалай үйреніп кетуге болады? Бұл туралы Massaget.kz тілшісіне 15 жылдық тәжірибесі бар кәсіби отбасылық психолог Мөлдір Болатқызы түсіндіріп берді. 

Психолог ең алдымен, жаңа отбасына келген келіннің үйренісу кезеңі бірнеше кезеңнен тұруы мүмкін екенін айтты.   

"Келін жаңа үйге бейімделуі үшін 2 жылға дейін уақыт қажет болуы мүмкін. Әрбір өзгеріс, трансформация ауыр болады. Себебі жаңа үйге көшсек те, жұмыс орнымызды ауыстырсақ та, тіпті шашыңызды үйреншікті емес етіп қисаңыз ыңғайсыз боласыз. Іштей ауыр болады. Ішкі сезімдер күшейеді, адам ауыр күйлерді бастан кешеді. Тұрмысқа шығу да, басқа отбасына бару да трансформация болғандықтан өзінің психологиялық тұрғыда адамның мінезіне, күйіне тікелей әсер етеді", - дейді маман. 

Ал ең бірінші кезең - танысу кезеңі немесе бал айы. Бұл кезде жаңа түскен келін өзін жақсы жағынан көрсетіп, ақылды, тәрбиелі, мінсіз көрсетіп жүреді. Ол ары кетсе 1-3 ай аралығына созылуы мүмкін. Сол отбасымен танысып алғанға дейінгі кезең. 

"Бейімделудің екінші кезеңі - отбасы мүшелерімен танысып алғаннан кейін қонақ емеспін деген күйде немесе ең алғашқы эмоционалдық дағдарыс жағдайы өтуі мүмкін. Яғни бұрынғы "қызғылт көзілдірігін" шеше бастайды. Дәл осы кезеңде кімнің қандай мінезі барын, отбасында қандай қиындықтар туындауы мүмкін екенін ойлап, шынайы көре бастайды", - дейді Мөлдір Болатқызы. 

Психологтың сөзінше, бәрін шешуші - үшінші кезең.

"Үш кезеңнен жақсы өтсе, ары қарай отбасы болып қалыптасуына, адамдармен жақсы тіл табысып кетуіне ықпал етеді. Адамдар бір-бірімен таныса бастайды, алғашқы жанжал да болуы мүмкін. Бірақ артынша енесі, келіні, жалпы отбасы мүшелері өздерінің қарым-қатынасын түзетуге тырысатын кезең. Біреу әдеттерін, қылықтарын тыйып, өзгертуге тырысатын кезең. Егер келінде "мен осы үйде қаламын, бұл менің соңғы станциям" деген секілді ой қалыптасса, демек ол бейімделуден сәтті өтті деген сөз. Қарым-қатынаста тұрақтылық пайда болады", - дейді маман. 

Мөлдір Болатқызының сөзінше, бастапқыда келін мен ене басқаша, кейін өзгеріп кетуі ол қалыпты жағдай. Бейімделудің алғашқы кезеңінде солай болады. 

"Қандай жайттарға дайын болу керек? Ең алдымен, келін ененің қандай болатынын, оның ролі, ұрсуы мүмкін екеніне, қатал не жұмсақ болатынына дайын болып, танысу керек. Сол отбасыны жақсы білетін келіндер тез бейімделеді. Кімнің мінезі қандай екенін алдын ала біліп баруы керек, күйеуі оны "дайындауы" керек. Сол жағдайда бейімделу өте жеңіл болады", - деп түсіндірді психолог.

Сонымен қатар, маман жаңа отбасындағы жанжал мәселесіне тоқталды. 

"Кез келген отбасында жанжал болады. Жанжалды шешу арқылы отбасы мүшелері бір-бірін түсіне бастайды. Жанжалдың болғаны жақсы, оның да пайдасы бар. Мәселе неден туғанын, енді ондай мәселе болмауы үшін не істеу керек деген секілді ой туады. Мәселені шешудің орнына жанжалдан қашатын адамдар болады", - дейді маман. 

Мөлдір Болатқызының сөзінше, қыз баланың келін өміріне дайын болуы жасына байланысты емес.

"Ол қыздың отбасылық өмірге дайындығына байланысты. Кей қыздар 19 жаста тұрмысқа шықса да психологиялық тұрғыда дайын болады. Отбасылық өмір қандай болатынын, артықшылығы мен кемшілігін біліп келеді. Ал кейбірі "соғысқа" аттанғандай өмір бойы енесі немесе бөлек тұрғанның өзінде туыстары, күйеуімен "соғысып" жүреді. Бақытсыз күй кешуі мүмкін. 

Қандай қыздар қысым көп көреді? Ол көбіне шекарасы бұзылған қыздар. Яғни өзін тым мінсіз етіп көрсету. Бейімделуден дұрыс өтпеген қыздар ары қарай да қысым көре береді. Жас келін үйрене алмаса қысым, түсінбеу, жанжал болады. Сонымен қатар, қыз баланың өзіне сенімді болуы кімге байланысты? Ең бірінші ол - отбасы. Екі тараптың қарым-қатынасы жақсы болса, келінді қорлау да болмайды. Өзінің эмоциясын ашық көрсете алмайтын, ойын әдемі, жанжалсыз жеткізе алмайтын адамдар көп қысым көруі мүмкін", - дейді психолог. 

Психолог ең алдымен келін өзін құрметтей білуі керегін атап өтті. Өзін құрметтетіп, сыйлата білген адам қысым көрмейді. Жаңа отбасына түскен адам өзгермейді, оның қарым-қатынасы өзгереді.   

С. Сатыбалдина