Қазақстандықтар пойызда қашанға дейін кондиционерсіз жүреді?

Қазақстандықтар пойызда қашанға дейін кондиционерсіз жүреді?
Фото: Tengrinews.kz

Кейінгі кезде БАҚ пен әлеуметтік желілерде Атырау - Маңғыстау бағытындағы пойыз вагондарының жай-күйіне шағымданған жазбалар жиілеп кетті. "Жолаушылар тасымалы" АҚ неге аптапта өңірлерге кондиционері жоқ вагондар қатынайтынын түсіндірді, - деп хабарлайды Tengritravel.kz

Қазақстандықтар әлі 7 жыл вагондарда кондиционерлерсіз жүреді

Ведомство мәліметінше, кондиционері жоқ вагондарды қызмет мерзімі аяқталғаннан кейін - 2029 жылға дейін алып тастау жоспарланып отыр. Компания паркінде мұндай вагондардың 47 пайызы бар.

"Ауаны баптау жүйесімен жабдықталған стандарт вагондар 57 пайыз әрі олар бірнеше бағытта жүреді.

Ескі вагондарда дайындаушы зауыттың конструкциясы бойынша ауаны баптау жүйесі жоқ және оларды 2029 жылға дейін, яғни қызмет мерзімі өткеннен кейін алып тастау жоспарланып отыр. Алайда кондиционермен жабдықталмаған вагондарда желдету жүйесі қарастырылған. Рейс алдында вагондар желдеткіштің, сондай-ақ, терезелерді ашу тетіктерінің жарамдылығы тұрғысынан тексеріледі", - делінген "Жолаушылар тасымалы" АҚ хабарламасында.

Ведомство өкілі 2024-2029 жылдар аралығынла 500-ден аса жолаушылар вагонын сатып алу жоспарланып отырғанын, олар кондиционермен жабдықталатынын айтты.

Жолаушылар кондиционері бар вагонды таңдай алады

Тағы бір мәселе - билетті сатып алар алдында жолаушыны вагондардың техникалық жай-күйі және кондиционердің бар-жоғы туралы хабардар ету. Өйткені қазір билетті алдын-ала сатып алғанда, жолаушы кондиционер бар-жоғын біле алмайды. Ведомство мәліметінше, жақында бұл мәселе шешіледі. Жолаушыларға вагонды таңдау кезінде пойыз, маршрут, вагон нөмірі және техникалық жабдықтау туралы ақпараты бар QR-код қолжетімді болады.

Ж. Қадыржанова