Түркістан облысында өзін ҰҚК қызметкері деп таныстырған алаяқ ұсталды

Ордабасыда өзін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерімін деп таныстырып, алаяқтық жасаған ер адам ұсталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Ордабасы аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданған. Әйелдің айтуынша, оған танысы Алматыдағы кедендік бақылауда тұрған бағалы заттарын алып беремін деп, 1,5 миллион теңгесі алып қойған. Алайда ер адам берген уәдесінде тұрмаған, ақшасын да қайтармаған.

Полицейлер бұл деректі ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркеген. Жедел-іздестіру шаралары барысында осы қылмысқа қатысы бар күдікті анықталған. Ол жергілікті тұрғын болып шыққан. Күдікті мен жәбірленуші Төрткөл ауылынан Темірлан ауылына жолға шыққанда, көлікте танысқан. Ер адам өзін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерімін деп таныстырған. Күдікті жәбірленушінің сөзіне сеніп, екеуі өзара келісімге келген. Алайда ер адам ақшаны алған соң хабарсыз кеткен. Күдікті алған ақшаны жаратып жіберген.

Оның Ұлттық қауіпсіздік комитетіне ешқандай қатысы жоғы, жұмыссыз екені расталған. Полицейлер оның басқа да қылмысқа қатысы бар-жоғын анықтап жатыр. Қазір күдіктіге қатысты соталды тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.