Қазақстанда сүт, торт пен сусындар неге қымбаттап жатыр?

Қазақстанда сүт, торт пен сусындар неге қымбаттап жатыр?

Қазақстанда картонмен қапталатын тауарлар қымбаттады. Олардың қатарында сүт, кондитерлік өнімдер мен түрлі сусындар бар. Өйткені қаптаманың бағасы айтарлықтай өскен. Картон мен қағаздың басым бөлігі тек шетелден келеді, - деп хабарлайды КТК телеарнасы. 

Телеарна мәліметінше, биылдан бастап өндірісінде картон қолданатын кәсіпкерлердің жұмысында біршама қиындық болған. Солардың бірі - Алматыдағы торт пісіретін кондитерлік дүкен иесі Мария Рышкова. Осы салада 7 жыл жұмыс істеп келген ол картон бағасының өсуіне байланысты өнімдері 15 пайызға қымбаттағанын айтады.

"Қаптама қымбаттап жатыр. Өйткені отандық өндіріс жоқ. Өзімізде қағаз, картон, тіпті пластик те өндірілмейді. Барлығы сырттан келеді. Қаптамалардың бағасы өсіп жатқан соң, біз де өз өніміміздің құнын өсірдік. Құр қол жалғыз тортты ешкімге бере алмайсың. Тұтынушыларға тәттілер бүлінбей жету үшін сыртында қорап болады", - деді кондитерлік дүкен иесі Мария Рышкова. 

Сол қорапты көлеміне келтіріп, әрлеп кондитерлер мен өзге де орындарға сататын баспахана иелері де картон бағасының шарықтап кеткенін алға тартты. Өйткені басым бөлігі Ресей мен Қытайдан келетін тауардың бағасы құбылып тұрғандықтан, биыл өнімдері қымбаттап, сатылымы 30 пайызға төмендеген. 

"Биыл, өкінішке қарай, өндіріс қымбаттады. Кем дегенде 30 пайызға дейін. Бұл, әрине, біріншіден біз қолданатын материалдардың қымбаттауына байланысты. Ол - қағаз бен картон. Жеткізушілер рубль бағамы мен доллардың шарықтап кетуі себеп деп отыр. Өйткені бізге қажет картонның бір бөлігі Ресейден, бір бөлігі Қытайдан келеді", - деді баспахана директоры Наргиз Рахметова.

Ресейдегі картон қаптамаларын өндіретін компаниялар да рубль бағамының құбылуына байланысты шикізаттың қымбаттағанын растап отыр. Сондай-ақ логистика, яғни тауар тасымалдау қиындап кеткен. Алайда қазір жағдай тұрақталған.  

"Картон қоймалардан сатылымға шыққан кезде бағасы өте жақсы болды. Шамамен 1 тоннасы үшін 100 мың рубль. Бұл баға өткен жылдың соңына дейін сақталды. Жаңа жылдан кейін баға бірден өсіп, картон тапшы болды. Картонға қажеттілік те күрт өсті. Сөйтіп, картонды өндірушілер мен сатушылар бағаны бір жарым есе өсіріп жіберді", - дейді картон қаптамаларын өндіретін компания директоры Александр Тихонов

Г. Досымшалова