Көкшетауда балабақшада балаларды улап жатыр - фейк

Көкшетауда балабақшада балаларды улап жатыр - фейк

Әлеуметтік желілерде Көкшетаудағы балабақшалардың бірінде белгісіз зат шашып жүрген маска таққан ер адамның видеосы тарады, - деп хабарлайды Stopfake.kz.

Желідегілердің айтуынша, балаларда құсу мен диарея симптомдарын тудыратын заттармен улап жатыр. Кейбіреулерінің пайымдауынша, бұл үшін жарамдылық мерзімі өткен COVID-19-ға қарсы вакциналар қолданылады екен. Басылым мәліметінше, мұның бәрі - жалған.

ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті өкілі бұл видеоға қатысты пікір білдірді. Ведомство мәліметінше, видеода "Көкшетау Дезинфекция" ЖШС жоспарлы түрде дезинсекция шараларын жүргізген сәт көрсетілген. Бұл жұмыс 22 шілдеде сағат 20.00-де балабақша алаңында балалар болмаған кезде жүргізілген.

"Өңдеу шаралары жәндіктерді жою мақсатында жоспарға сәйкес мезгіл-мезгіл жүргізіледі, бұл жолы құмырсқалар мен араларға қарсы өңдеу жұмыстары жүргізілді. Оны оқытылған қызметкерлер Қазақстан Республикасында рұқсат етілген құралдармен жүзеге асырады. Құрметті облыс тұрғындары, кейбір адамдар ойлағандай, бұл іс-шаралардың коронавирус инфекциясына қатысы жоқ екенін хабарлаймыз. Жалған ақпаратқа сенбеулеріңізді және оны таратпауларыңызды сұраймыз", - деді Cанитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев.

Демек, балабақшаларда балаларды химиялық затпен улайтыны туралы ақпарат - фейк.

Ж. Қадыржанова