Жапонияда Сакурадзима жанартауы атқылады

Жапонияда Сакурадзима жанартауы атқылады

24 шілдеде Жапонияның Кюсю аралында Сакурадзима жанартауы атқылап, жақын маңдағы аудандарда қауіптің ең жоғары бесінші деңгейі жарияланды, - деп хабарлайды Kyodo News басылымы.

Атқылау жергілікті уақыт бойынша 20:05-те (астана уақыты бойынша 17:05) басталған. Ол аспанға биіктігі 2,3 шақырымға дейін жететін түтін мен күл шашты. Пирокластик ағын кратерден шамамен 2,5 шақырым жерде орналасқан ауданға дейін жеткен.

Кагосима қаласының Аримура және Фурусато аудандары қауіпті аймақта. Лава ағуы мүмкін деген болжам бар.

Жапон премьер-министрі әкімшілігінің жанынан шұғыл ақпарат келіп түсетін дағдарыс штабы құрылды. Әзірге зардап шеккендер мен қираулар туралы ақпарат түспеген.

Жергілікті билік жақын маңдағы елді мекендерде тұратын азаматтарды Сакурадзима жанартауынан қауіпсіз жерге көшуге шақырды.

Г. Досымшалова