Қарағанды роуп-джампингіндегі әйелдің өлімі: айыпталушы қанша жылға сотталуы мүмкін?

Қарағанды роуп-джампингіндегі әйелдің өлімі: айыпталушы қанша жылға сотталуы мүмкін?

Қарағанды роуп-джампингінде қаза тапқан Евгения Леонтьеваның өлімі туралы іс бойынша жарыссөз өтті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Fly Kazakhstan ЖШС-де бейресми еңбек еткен нұсқаушы роуп-джампингке қатысты қылмыстық іс Қазыбек би аудандық сотында қаралып жатыр. Оған абайсызда адамның өліміне әкеп соқтырған, тұтынушылардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігі талаптарына жауап бермейтін жұмыстарды орындау немесе қызмет көрсету үшін айып тағылады.

"Жарыссөз кезінде прокурор сотталушыны 6 жылға бас бостандығынан айыруды, ең төменгі қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде жазасын өтеуін сұрады", - деді Қарағанды облыстық соты өкілдері.

Сотталушы кінәсін мойындамай отыр. Ол Fly Kazakhstan ЖШС-мен ресми еңбек қатынастары болмағанын, қаза тапқан адамға "секір" деп айтпағанын мәлімдеді. Сондай-ақ, ол осы қылмыстық іс бойынша компания басшысы мен төменде тежегіш кабельді бекітуі керек болған қызметкерді жауапқа тарту керегін айтты.

Айыпталушының сөздерін оның адвокаттары да қолдайды. Жәбірленуші тарап нұсқаушының кінәсі соталды тергеу барысында дәлелденгеніне сенімді. Олар сотталушыны қылмыстық жауапкершілікке тартуды талап етеді.

Еске салайық, 2021 жылғы 10 қазанда Қарағандыда роуп-джампингте Шахтинск қаласының 33 жастағы тұрғыны Евгения Леонтьева қаза тапқан болатын. Ол "Созвездие" қонақүйінің төбесінен секіріп, ауыр жарақат алды. Ол шұғыл түрде ауруханаға жатқызылды, бас сүйегінің трепанациясы жүргізілді, бірақ дәрігерлер оны құтқара алмады.

С. Сатыбалдина