Қазақстанда тамыздан бастап не өзгереді?

Қазақстанда тамыздан бастап не өзгереді?
Фото: Tengrinews.kz

Қазақстанда тамыздан бастап бірқатар өзгеріс болады. Елде не өзгеретініне Massaget.kz тілшісі шолу жасады.

Тамызда қанша күн демалыс болады?

Қазақстанда биыл тамызда 22 жұмыс күні мен 9 демалыс күн бар. Биыл Конституция күні сейсенбіге сәйкес келеді. Үкіметтің "2022 жылғы демалыс күндерін ауыстыру туралы" қаулысына сәйкес демалыс 27 тамыздан 29 тамыз, яғни дүйсенбіге ауыстырылған.

Сәйкесінше, қазақстандықтар былай демалады: бес күндік жұмыс аптасы үшін 28, 29, 30 тамыз (жексенбі, дүйсенбі, сейсенбі); алты күндік жұмыс аптасы үшін екі күн, 28, 30 тамыз (жексенбі, сейсенбі).

Бес күн жұмыс істейтін қазақстандықтар тамызда 9 күн демалады.

Алматыдан жаңа халықаралық рейс іске қосылады

Тамызда Алматы - УФА бағыты бойынша жаңа рейс ашылады. 

Ресейлік Red Wings әуекомпаниясы биыл 4 тамыздан бастап Алматы - УФА бағыты бойынша аптасына 1 рейс жиілігімен бейсенбі, сондай-ақ, биылғы 4 тамыздан бастап Нұр-Сұлтан - УФА бағыты бойынша аптасына 1 рейс жиілігімен бейсенбіде тұрақты жолаушылар рейстерін орындауды жоспарлап отыр. Рейстерді SU-95 әуе кемелері орындайды.

Екі қазақстандық банктің қосылуы талқыланады

ЦентрКредит пен Eco Center (бұрынғы Альфа-Банк Қазақстан) банктерін біріктіру туралы шешім тамызда қабылданады. Бұл туралы Қазақстан қор биржасының (KASE) баспасөз қызметі өкілі айтты.

Eco Center Bank (бұрынғы Альфа-Банк Қазақстан) өкілі 3 тамызда "Банк ЦентрКредит" АҚ пен Eco Center Bank акционерлерінің жалпы жиналысы өтетінін мәлімдеді.

Айта кетейік, ЦентрКредит банкі биыл наурызда Ресейге қарсы санкцияларға ұшыраған Альфа-Банкті сатып алу бойынша мәмілені тоқтатқан еді.

Тамызда қай өңірлерде құрғақшылық болуы мүмкін?

Қазгидромет мәліметінше, тамызда елдің солтүстік-батысында, оңтүстігінде, оңтүстік-батысында және орталығында, жекелеген аймақты қоспағанда, ылғалдылық деңгейі бойынша нормаға жақын болады.

Қызылорда облысының Қармақшы ауданында, Маңғыстау облысының Қарақия және Маңғыстау аудандарында құрғақшылық болады деп болжанып отыр. Сондай-ақ, Ақтөбе облысының Әйтеке би және Мұғалжар аудандарында, Қарағанды облысының Нұра ауданында, Қостанай облысының Амангелді және Жангелді аудандарында жауын-шашын жаумауы мүмкін.

Болжамға сәйкес, Ақтөбе облысының солтүстік және батыс бөлігінде, Атырау облысының Қызылқоға ауданында, Батыс Қазақстан облысының Сырым, Казталов және Ақжайық аудандарында керісінше жауын-шашын жақсы жауады. Алматы облысының Панфилов және Кербұлақ аудандарында да ылғалды болады.

Тамыздағы ауа райы

"Қазгидромет" РМК ақпаратына сүйенсек, тамызда күн салқындайды.

"Тамызда Қазақстанның көптеген облысында салқын болады. Ауа температурасы климаттық норма шегінде қалады", - делінген хабарламада. 

Қазақстаннан көмір тасымалдауға тыйым салынуы мүмкін

"Алматы" телеарнасының мәліметінше, ИИДМ Қазақстаннан көмір шығаруға тыйым салуды көздейтін бұйрық жобасын дайындаған. Осыған сәйкес Қазақстанда алты айға көлікпен көмір әкетуге тыйым салуды енгізу жоспарланып отыр. Құжат жобасы "Ашық НҚА" порталында жарияланған. 

"Брикеттер, түйіршіктер және тас көмірден алынған қатты отын түрлері, яғни тас көмірді, ұнтақталған немесе ұнтақталмаған, бірақ агломерацияланбаған тас көмірді көлікпен алты ай мерзімге экспорттауға тыйым салу жоспарланған", - делінген хабарламада.

Тамыздағы ҰБТ қашан өтеді?

Тамыздағы ақылы ҰБТ-ға тіркелу 25-30 шілде аралығында өтеді. Бұл туралы Ұлттық тестілеу орталығының баспасөз қызметі өкілі айтты. Ал тестілеу 10-13 тамыз аралығында өтеді.

Тестілеуге қатысу құны - 4230 теңге. ҰБТ-ға тіркелу кезінде тестіленушілер өз қалауы бойынша тестілеу өтетін орынды, күнді, уақытты таңдай алады. Сонымен қатар, тестіленушілер тамыздағы ҰБТ-да бейінді пәндер комбинациясын өзгерте алады.

Ж. Қадыржанова