Қайрат Құдайберген уақытша тергеу изоляторында коронавирус жұқтырды

Алматы қаласы мәслихатының бұрынғы депутаты Қайрат Құдайберген уақытша тергеу изоляторында коронавирус жұқтырды, - деп хабарлайды Мassaget.kz. Бұл туралы оның адвокаты Мұрат Әмітов айтты.

Адвокаттың айтуынша, 17 шілдеде тергеу изоляторына анасы келгенде ол денсаулығына шағымданып, жақындамауын өтінген. Осыдан кейін изоляторға жедел жәрдем шақырылып, одан COVID-19 сынамасы алынған.

"Біз прокурорға өтініш бердік. Өйткені олар Қайраттың қатысуымен тергеу әрекеттерін жүргізуі керек еді, ал ол ауырып қалды. Бұл бұлтартпау шарасын өзгертуге негіз екенін айттық. Кеше біздің қорқыныш расталып, одан омикрон штамы анықталды. Қазір ол отырған уақытша тергеу изоляторында медициналық көмек көрсетуге жағдай жоқ. Сондықтан біз оны емдеу мекемесіне немесе медициналық бөлімшесі бар тергеу изоляторына ауыстыруды сұрадық. Сондай-ақ, сот оны медициналық көмек алу үшін үйқамаққа ауыстыру мүмкіндігін қарастыруы керек", - деді адвокат Мұрат Әмітов.

Әмітовтың айтуынша, Қайраттың денсаулығына байланысты прокуратура оны қамау мерзімін екі айға ұзартуды сұраған. Судья қамауда ұстау мерзімін бір айға ұзартып, прокурорға тиісті медициналық бақылауды қамтамасыз етуді тапсырды.

Еске салайық, 21 сәуірден 22-не қараған түні белгілі кәсіпкер, Алматы қаласы мәслихатының депутаты Қайрат Құдайбергеннің қамауға алынғаны туралы ақпарат тарады. Бұл ақпаратты оның адвокаты Мұрат Әмітов жеткізген еді.

Алматы прокуратурасы кәсіпкердің қаңтар айындағы жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастырып, қатысты деген күдікке ілінгенін айтты.

Сол уақыттан бері қалалық мәслихат депутатын қамауда ұстау мерзімі бірнеше рет ұзартылды. Соңғы рет сот қаулысымен Қайрат Құдайбергенді 21 шілдеге дейін қамауда ұстау бұлтартпау шарасы санкцияланды.