Тоқаев саммитте қандай мәселелер көтерді?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия мемлекеттері басшыларының IV консультативтік кездесуіне қатысты, - деп хабарлайды Massaget.kz.

Президент осы кездесуге қатысу үшін Шолпан-Ата қаласына (Қырғызстан) барған болатын. Алдымен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қырғыз Республикасының президенті Садыр Жапаровтың қол алысу рәсімі өтті.

Кейінірек Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Орталық Азия мемлекеттері басшыларының IV Консультативтік кездесуіндегі баяндамасы басталды.

Тауар айналымы артты - Тоқаев

"Өзара тиімді сауда-экономикалық ынтымақтастық қарыштап кеңейіп жатыр. Күш біріктіріп, ықпалдастықтың пандемияға дейінгі деңгейін қалпына келтіріп қана қоймадық, сондай-ақ, тауар айналымын едәуір арттыра алдық. Мәліметтер бойынша былтыр ішкі өңірлік сауда-саттық көлемі 27 пайызға (2018 жылғы 43 пайыздық өсім көрсеткішімен салыстырғанда) өсіп, 8 миллиард доллардан асты", - деді Президент.

Тоқаевтың сөзінше, сауда айналымы салыстырмалы түрде Өзбекстанмен артқан.

"Кейінгі 5 жылда Қазақстан мен Орталық Азия елдері арасындағы тауар айналымы 42 пайызға артып, 6,3 миллиард долларға жетті. Өзара сауданы кеңейту үшін зор мүмкіндіктер бар екенін ескере отырып, болашақта біз бұл көрсеткішті 15 миллиард долларға дейін жеткізбекпіз. Анықтама: 2021 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы сауда айналымы 1,5 есеге (1,16 миллиард доллар), Түрікменстанмен 2 есеге (254 миллион доллар), Өзбекстанмен 33 пайызға (4,3 миллиард доллар), Қырғызстанмен 15 пайызға (970 миллион доллар) артты", - деді Тоқаев.

Тоқаев: Шекарадағы мылтық дауысы екі елге емес, бүкіл өңірге жағымсыз әсер етеді

"Біз, мемлекеттер басшылары өңірдегі әлі де сақталып отырған тұрақсыздық факторларын барынша жою үшін барлық мүмкіндікті жасауға тиіспіз. Мемлекетаралық шекаралардағы әрбір мылтық даусының жаңғырығы екі елге ғана емес, бүкіл өңірге жағымсыз әсер етеді. Керісінше, дәл қазіргі дағдарыс жағдайында мемлекеттеріміз қайшылықтарды еңсеру ісінде өркениеттіліктің, жауаптылықтың үлгісін көрсетуі тиіс. Шекараны заңды түрде рәсімдеу үдерісінің өте күрделі әрі қиын екенін өз тәжірибемізден білеміз. Даулы мәселелер шынайы тату көршілік пен халықаралық құқықтың іргелі қағидаттарына құрмет көрсету арқылы тек қана бейбіт жолмен шешілуі мүмкін. Бұның басқа жолы жоқ", - деді Мемлекет басшысы.

Көлік байланысын арттыру туралы айтылды

"Аймақтың көлік байланысын арттырып, біртіндеп транзитке жағдай жасау керек. Картаға көз салсақ, Ресей, Қытай, Оңтүстік Азия, Таяу Шығыс және Оңтүстік Кавказдың түйіскен жерінде орналасқан Орталық Азияның географиялық ерекшелігі айқын көрінеді. Жаңа геосаяси жағдайда трансконтинентальдық сауданы дамытуда және ілгерілетуде біздің аймақтың рөлі едәуір артады. Осы ретте Қазақстан Транскаспий халықаралық көлік бағытын белсенді түрде дамытып отыр. Бұл бағыттағы контейнер тасымалы 2017 жылдан бері 3 есеге, яғни 25 мыңға дейін өсті.  Бұдан бөлек, Қазақстан "Мазари-Шариф - Кабул - Пешевар" бағытындағы теміржол құрылысына атсалысуға әзір. Нақты айтқанда, теміржол құрылысына қажетті материалдармен қамтамасыз етіп, вагондар ұсына аламыз. Өз тарапымыздан серіктестерімізді Шығыс Азия мен Парсы шығанағы елдерін байланыстыратын ең қысқа бағыт "Қазақстан - Түрікменстан - Иран" теміржолын белсенді пайдалануға шақырамыз", - деді Президент.

Климат өзгеруі, оның салдары туралы не айтылды?

"Климаттың қазіргі сын-қатерлері, су және энергетика ресурстарына сұраныстың артуы Арал теңізі бассейінінің су ресурстарын тиімді пайдалануды қамтамасыз ету жөнінде нақты шаралар қабылдауды талап етіп отыр. Климаттың өзгеруі жөніндегі Халықаралық сарапшылар тобының баяндамасына сәйкес біздің аймақтың температурасы планетаның басқа бөліктеріне қарағанда әлдеқайда жылдам жылып келеді. Климаттың өзгеруі аймағымыздағы судың басты көзі мұздықтар көлемінің кішіреюіне әкеп соқтырады. Олардың Орталық Азиядағы көлемі кейінгі 50 жылда 20, тіпті 30 пайызға кішірейген. Болашақта бұл Сырдария мен Әмудария өзендерінің ағысын бірнеше есе қысқартады. Бұның барлығы аймақтың азық-түлік, энергетика және экология салаларындағы қауіпсіздігіне үлкен қатер төндіріп отыр", - деді ол.

Қазақстанда 2724 мұздық бар. Президенттің сөзінше, ең үлкенінің көлемі кейінгі 38 жылда 1 шақырымға дейін кішірейген.

"Үкіметаралық сарапшылар тобының климаттың өзгеруі жөніндегі 1,5 градус туралы арнайы баяндамасында ғасыр соңында Орталық Азиядағы температура цельсий бағаны бойынша 6 градусқа дейін көтеріледі деп болжанған. Бұл жаһандық температураның болжамды көтерілуінен екі есе артық. Қазір Қазақстан Республикасында 2724 мұздық бар. Ең үлкені Тұйықсу мұздығының көлемі кейінгі 38 жылда 1 шақырымға дейін кішірейген. Бұл мұздық жыл сайын 58 миллион тонна көлемінің шамамен 1 миллион тоннасын жоғалтады. Бұл 2040 жылға қарай су ресурстарының 20 пайыздан астам азаюына алып келеді", - деді Тоқаев.

Білім-ғылым саласына қатысты қандай өзгеріс бар?

"Жоғары білім берудің Орталық Азиядағы біртұтас кеңістігін құру жөніндегі былтыр қол қойылған декларация осыған негіз болады. Қазақстан бұл бастама аясында жоғары оқу орындары арасында студент алмасу ісін кеңейту жөніндегі әріптестерінің ұсыныстарын қолдап, Орталық Азия елдерінің жастарын оқыту үшін квота санын едәуір арттырды. Сондай-ақ, біз озық жоғары оқу орындарымыздың және үздік мектептеріміздің филиалдарын аймақ мемлекеттерінде ашуға әзірміз. Мәселен, жақында Бішкекте Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филиалы ашылды. Өзбекстанмен өзара тиімді негізде білім беру орталықтарын ашу мәселесі пысықталып жатыр. Осы орайда этногеографиялық және тарихи зерттеулерді ұйымдастыру, сондай-ақ, ғылыми еңбектерді жариялау мақсатымен елдеріміздің Ғылым академиялары арасында тығыз байланыс орнату ұсынылады. Ұлттық архив орталықтары мен кітапханалардың ынтымақтастығы негізінде архив және зерттеу мәліметтерін алмасу үшін біріккен онлайн-платформа құруды ұсынамын", - деді Президент.

"Жаңалық таратуда ақсап тұрмыз"

Тоқаевтың айтуынша, Орталық Азия бұқаралық ақпарат құралдарында ел өңірлеріндегі жаңалықтарды жариялауда тапшылық сезіледі. 

"Өкінішке қарай, әлі күнге дейін бұқаралық ақпарат құралдарымыз аймақ елдерінде болып жатқан оқиғалар туралы жаңалық тарату жағынан ақсап тұрғаны байқалады. Мүмкіндігінше, бұл үрдісті өзгерту керек. Бәлкім, бүкілаймақтық телеарна немесе ақпараттық интернет-сайтын ашқан жөн болар. Осы мәселелерді егжей-тегжейлі пысықтау үшін Орталық Азияның салалық мекемелері мен ақпараттық агенттіктері басшыларының жиынын тұрақты түрде өткізіп отыру пайдалы болмақ", - деп қосты Қазақстан Президенті.