Қазақстан азаматтығын 5 жыл күткен. Әлем чемпионы Нора Джеруто туралы не белгілі?

Қазақстан азаматтығын 5 жыл күткен. Әлем чемпионы Нора Джеруто туралы не белгілі?
Фото: ©Reuters

Қазақстан жеңіл атлетикадан әлем чемпионаты тарихында алғаш рет алтын медаль жеңіп алды. Оны Нора Джеруто иеленді. Спортшы бірден екі жетістікке қол жеткізді - Қазақстанға алғашқы "алтынды" сыйлады және әлем чемпионатының рекордын жаңартты. Massaget.kz тілшісі жаңа әлем чемпионы туралы мәліметтер жинады. 

Кенияда туған желаяқ

Нора Джеруто Тануи - Кения тумасы. 1995 жылы туған. Кәсіпқой карьерасын 2011 жылы Африка чемпионатында бастаған. Сол жылы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында 2 мың метрге кедергілермен жүгіру жарысында топ жарған. Ол кезде спортшы 16 жаста еді. Сол жарыста Нора кедергілердің бірінен секіру кезінде суға құлап қалған. Бірақ орнынан тұра салып, алтын медаль иеленген.  


Фото: instagram.com/jerutonorah

2016 жылы Нора Кения чемпионатында екінші орын алып, Африка чемпионатына жолдама алған. Сол жақта 3 мың метрге кедергілермен жүгіруде "алтын" жеңіп алған. 

Қазақстан азаматтығын бес жыл күткен

2017 жылы Джеруто Қазақстандағы "Алтай Атлетикс" клубына қосылды. Сол кезде ол Қазақстан азаматтығын алатыны хабарланған. Бірақ азаматтық бірден берілмеді. Нора Қазақстан намысын қорғау мүмкіндігін төрт жыл күтті. Бірақ сол төрт жылда халықаралық жарыстардан қалыс қалмады. 

Әлем чемпионатына қатыспады демесеңіз, "Гауһар лигасына" тұрақты қатысып тұрды. Турнирлердің көбінде 3 мың метрге кедергімен жүгіруде сынға түсті. Мысалы, былтыр "Гауһар лигасының" үш кезеңіне қатысты. Катар, АҚШ пен Швейцариядағы кезеңдерде қарсылас шақ келтірмей, мәреге бірінші жетті. Сол жылы серияда жеңіске жеткен. Жалпы, Нора "Гауһар лигасы" кезеңдерінде алты мәрте жеңген.  


Фото: instagram.com/jerutonorah

Ал биыл қаңтарда Нора жеңіл атлетика жарыстарында Қазақстан намысын қорғауға мүмкіндік алды. Жыл басынан бері ішкі турнирлерге қатысып, топ жарды.  

Биыл мамырда Ол Юджиндегі "Гауһар лигасы" кезеңіне қатысты. Әлем чемпионатына да АҚШ-тың осы қаласында өтеді, сондықтан бұл кезеңге бәрі әлемдік додаға дайындық ретінде қарады. Джеруто 3 мың метрге кедергілермен жүгіруде маусымның үздік нәтижесін көрсетті. Бір қызығы, қазақстандық атлет одан да жақсы нәтижеге қол жеткізер еді. Бірақ жарыс соңына қарай мәреге жеттім деп ойлап, жылдамдығын азайтқан екен. Сол кезде мамандар Нораны биылғы әлем чемпионатының фавориті деп санай бастаған. Ал бүгін әлем чемпионы атанды. 


©twitter.com/Davido_Lubi

Кения спортшыларына азаматтық беру - дүниежүзілік тәжірибе

Жалпы, кениялықтар жеңіл атлетикадан мықты. Былтыр өткен Токио Олимпиадасында Кения атлеттері он медаль жеңіп алған, оның төртеуі - алтын. Кения тарихын қарасақ, африкалық ел Олимпиада ойындарында 113 медаль жеңіп алған екен, оның 106-сы - жеңілатлеттердің жүлдесі. 

Яғни, бұл елде жеңіл атлетика құрамасында бәсекелестік жоғары. Одан бөлек, Кения кедей елдердің бірі саналады. Сондықтан көп спортшы дүниежүзінің түкпір-түкпіріне кеткен.

Алғашқылардың бірі болып мұндай үрдісті Ресей бастады. 2013 жылы Мәскеудегі әлем чемпионатынан кейін Ресей Кениядан бірнеше спортшыны алдыртқан. Бірақ бұл тәжірибе іске аспады, ресейліктер Олимпиададан шеттетіліп, елдің жеңіл атлетикасы дағдарыстан шыға алмады. 

АҚШ, Түркия, Нидерланды және скандинав елдері де кениялықтарды шақырып тұрады. Ал кейінгі жылдары Таяу Шығыс елдері кениялық жеңілатлеттерге азаматтық беріп жүр. Мысалы, кениялық жас атлет Уинфред Яви биылғы әлем чемпионатында Нораның басты қарсыластарының бірі саналған. Ал ол бүгінде Бахрейн намысын қорғап жүр. 

Е. Төлеш