"Мемлекеттен жәрдемақы шығарып беремін" деп тұрғындарды алдаған алаяқ әйел ұсталды

Түркістанда "мемлекеттен қайтарымсыз жәрдемақы шығарып беремін" деген желеумен облыс орталығының үш тұрғынын алдап, ірі көлемде ақша алған жергілікті тұрғын ұсталды, - деп хабарлайды Мassaget.kz Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомство мәліметінше, ҚПБ-ға бірнеше жергілікті тұрғын арызданып, алаяқтың құрбаны болғандығын жеткізген. Олардың айтуынша, сырттай таныс әйел "мемлекеттен қайтарымсыз жәрдемақы шығарып беремін" деп сенімдеріне кіріп, әрқайсысынан 150 000 теңгеден алған. Бұл оқиға соталды тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, ҚР ҚК-нің 190-бабы "Алаяқтық " бойынша тіркелген.

Түркістандық полицейлер күдіктіні қолға түсіру бағытында қарқынды іздестіру шараларын жүргізіп, алаяқтық қылмысын ашу мақсатында жәбірленушілерден нақты мәліметтер алған. Осылайша, жедел жүргізілген іс-шаралардың нәтижесінде орта жастағы жергілікті тұрғын ұсталды.

"Күдікті әйел қайтарымсыз ақша алып беремін деп, 3 тұрғыннан 150 000 теңгеден алып, бас пайдасына жаратқан. Қазіргі таңда күдікті әйелге қатысты соталды тергеп тексеру амалдары жүргізіліп жатыр", - делінген хабарламада.