Қайрат Құдайберген депутаттық мандатынан айырылды

Қайрат Құдайберген депутаттық мандатынан айырылды
Фото: @kudaibergen_kairat

Алматыда Мәслихат депутаттарының құрамы өзгерді, - деп хабарлайды Massaget.kz қалалық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

20 шілдеде Алматыда қалалық Мәслихаттың кезектен тыс сессиясы өтті, онда берілген өтініштерге сәйкес 11 депутатты алмастыру (ротациялау) жүргізілді.

"Мандаттар қайта бөлініп, М.А. Әділхановтың, Л.Е. Ибрагимованың, Е.З. Талбидиновтың, Қ.Қ. Сәрсенбайдың, А.А. Жүдебаевтың, М.М. Зулеевтің, Р.Ч. Бөлекбаеваның, А.Құрманбектің өтініштеріне сәйкес партиялық резервке енгізілді. Сондай-ақ, Қ.К. Құдайберген Amanat партиясынан, А.Б. Әбілқасымова мен А.Т. Шапенов (өз еркімен) Қазақстан Халық партиясынан шығарылды", - делінген хабарламада.

Мына депутаттарға жаңа мандат берілген:

- Матыжанов Кенжехан Ісләмжанұлы - М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, Amanat партиясының мүшесі.

- Тайтөлеев Төлеуғали Мұхамеджанұлы - Алматы энергетика және электрондық технологиялар колледжінің директоры, Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі, Amanat партиясының мүшесі.

- Жандай Сана Шайханқызы - ADANAZ ЖШС директоры, Amanat партиясының мүшесі.

- Жұмабаев Бақытбек Әшімұлы - "Жан-М" ЖШС бас директоры, Қазақстанның Көгалдағы хоккей федерациясының вице-президенті, Amanat партиясының мүшесі.

- Қарағұлов Ерұлан Серікұлы - "Алматы сервистік қызмет көрсету колледжі" КМҚК директоры, Amanat партиясының мүшесі.

- Котенев Артур Эдуардович - AlmatyEngineering ЖШС директоры, Amanat партиясының мүшесі.

- Шамова Арайлым Мәтжанқызы - "№201 мектеп-гимназия" КММ директоры, Amanat партиясының мүшесі.

- Ерлан Диана Ерланқызы - Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің, Отбасы, әйелдер істері және балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі республикалық кеңес мүшесі, Amanat партиясының мүшесі.

- Рамазан Бекбол Батыржанұлы - Л.Б. Гончаров атындағы Қазақ автомобиль жол академиясының проректоры, Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі, Amanat партиясының мүшесі.

- Сұлтанғалиев Тамерлан Мэлсұлы - "Қазақстан Халық партиясы" Алматы қалалық филиалының төрағасы, "Қазақстан Халық партиясы" партиясының мүшесі.

- Мұхамедғалиев Талғат Аблайұлы - "Тұтынушылар мен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау одағы" РҚБ Алматы филиалының басшысы, "Қазақстан Халық партиясы" партиясының мүшесі.

Айта кетейік, 22 сәуірде Қайрат Құдайберген ұсталғанын Алматы прокуратурасы ресми түрде растады. Ол қамауда отыр.

Прокуратура мәліметінше, Қайрат Құдайберген жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастырды және оған қатысты деген айыппен күдікті ретінде 21 сәуірде ұсталған.

Ж. Қадыржанова