"Ұшты-күйлі жоғалған". Жақыныңа несие алып беру дұрыс па?

"Ұшты-күйлі жоғалған". Жақыныңа несие алып беру дұрыс па?
Фото: Тұрар Қазанғапов

"Досыңа қарыз берме, берсең ақшаңнан да, досыңнан да айырыласың" деген сөз бар. Тағы бірде "арада ақша жүрмей-ақ қойсын" деген де өзара жазылмаған келісімдер болады. Расында, ақша үшін қаншама адам қарым-қатынасын бұзып жатады. Заңгерлер мұндай жағдайлардың қоғамда көп екенін, тіпті сотқа жетіп тынатынын айтады. Мұндай қаржы дау-дамайлары қазіргі таңда қалай шешіліп жүр? Берешегін қайтарғысы келмеген адамнан қалайша заң бойынша ақшаны өндіріп алуға болатынын заңгерден сұрап білді.

Аты-жөнін атағысы келмеген алматылық тұрғын студенттік шақтан бері таныс досы әйелі босанатынын айтып, көмек сұрағаннан кейін банктен 200 мың теңге алып берген. Жақын досы болғандықтан еш күмәні болмай, қолхат жаздырып алуды да ойламаған. Алайда досы ұшты-күйлі жоғалған. Бұл біраз жыл бұрын болған оқиға екен. Содан бері кейіпкеріміз ай сайын 23 мың төлеп, ақыры сомасы екі еселенген несиені өзі жабуға мәжүр болған.

Заңгер Дияра Закированың сөзінше, жақын туысына несие алып беретін, кейін өзара түсініспеушілік туындайтын жағдайлар көп. Мұндай жағдай көп болғанымен сот әдетте талапкердің мұндай арызын қанағаттандырмайды екен.

Заңгердің айтуынша, мәселен інісі өз атындағы қарызын қандай да бір себеппен ағасының атына жаздырғысы келсе, әдетте мұндай шағым-талапты сот қанағаттандыра бермейді. 

"Себебі адам банктен кредит алар кезде өзінің жеке ой-ниеті бар екенін көрсетеді. Яғни, қарыз туралы келісімшартқа өз еркімен қол қояды. Сондықтан, сот мұндай клиенттердің талап-арызын қанағаттандырмай жатады. Өйткені сауатты адам ешқашан өзгенің қарызы үшін жауапкершілікті өз мойнына алмайды", - дейді ол.

Заңгер сотқа дәлел ұсынуда да айғақтың заңды болуы керегіне тоқталды.

"Ең маңыздысы, шағымданушы өзге адам үшін несие алып бергенін дәлелдеуі қажет. Алайда бүгінде мессенджер арқылы сөйлескен сөзінің скриншоты арқылы да, телефон арқылы жазылған аудиожазбаны да дәлел ретінде қарастыру күрделі іс. Себебі қазіргі уақытта мессенджердегі скриншоттарды түрлі қосымшалар арқылы қолдан жасап алуға болады. Ал екінші жағдайда аудиожазба дәлел ретінде сотта қабылдануы үшін заң бойынша қарызды алып, қайтаратынын айтқан жауапкерге бұл әңгіменің аудиотаспаға түсірілетіні ескертілуі тиіс, яғни телефон арқылы сөйлескен әңгіменің аудиожазбасында жауапкердің өз даусы жазылып жатқанынан хабардар болғаны дәлелденуі тиіс", - деп түсіндірді заңгер. 

Закированың айтуынша, мұндай жағдайлар адамдардың сенгіштігінен болады. 

Ал мұның алдында алматылық заңгер Ербол Ерболатұлы адамдардың қарыз беретін кезде көп мәселені ескермейтінін және оның салдары қандай болатынын айтып берген еді.

"Құжатсыз қарыз рәсімдеу тәжірибесі біздің елде көп тараған. Онысы аздай, кейбіреулер таныстарының сұрауы бойынша қарыз беру үшін несиеге де жүгінеді. Сөйтіп, олар несиенің шарттарын өз мойнына алып, кейін өкініп қалатын жағдайлар да кездеседі. Мұндай оқиғалар көбіне сенім мен үміттің кесірінен. Есесіне, бұл мәселенің құқық жағы ескерусіз қалады. Қарыз сұраған адам бір жағдайлармен несиені төлей алмаса немесе төлемей қойса, онда бұл жауапкершілік құжат бойынша несиені рәсімдеген адамның мойнына ілінеді", - деген заңгер мұндай шырғалаңға түспеу үшін жақын туысың болса да қолхат алуға кеңес береді. 

Қарыз беру туралы қолхат үлгісі:

1. Құжаттың аты: Қолхат, Қарыз шарты
2. Қолхат қай қалада рәсімделгені 
3. Қолхаттың рәсімделген уақыты
4. Қарыз беруші мен қарыз алушының (Аты-жөні, туған күн туралы мәлімет, ЖСН, жеке куәліктің нөмірі, тіркелген жері)
5. Қарызға берілген ақшаны жазбаша жазу керек, бұл ертеңгі күні сома өзгермеуі үшін жасалады
6. Ақшаның қай уақытта берілгені жайлы ақпарат жазылуы тиіс. Дәл сол уақытта немесе кейін берілгені жайлы
7. Қарыздың өтелу уақыты
8. Қарыз қай жерде қайтарылады. Қала, аудан, толық мекенжайы
9. Сондай-ақ қарыз беруші ол ақшаның қайда жұмсалатыны туралы ақпаратты толықтай білуге құқығы бар.

С. Сатыбалдина