Еуропаға коронавирустың жаңа толқыны келді - ДДСҰ

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропадағы аймақтық бюросының директоры Ханс Клюге Еуропа елдеріне коронавирустың жаңа толқыны келгенін ескертіп, жедел шаралар қабылдауға шақырды, - деп хабарлайды РИА Новости.

"Біз өткен жаздағы жағдайға ұқсас мәселеге тап болғанымыз анық. Осы жолы омикрон штамының кіші түрі BA.2 және BA.5 нұсқасы тарап жатыр", - деді Клюге сейсенбіде жарияланған мәлімдемеде.

Оның айтуынша, Еуропалық аймақта соңғы алты аптада коронавирустың жаңа жағдайларының саны үш есе өсіп, өткен аптада 3 миллионға жуық жағдай тіркелген. Бұл әлемдегі барлық жаңа инфекциялардың жартысына жуығы. Клюге сонымен қатар суық ауа райы жақындаған сайын COVID-дың қарқынды таралатынына алаңдаушылық білдірді.

"ДДСҰ-ның Еуропалық аймақтық бюросы инфекцияның алдағы толқындарына дайындалуға көмектесу үшін COVID-19 және басқа респираторлық вирустармен күресудің күзгі-қысқы стратегиясын жариялады. Күзде әрекет ету тым кеш болады", - деді ол.

Ол Еуропа елдерінен халықты вакцинациямен қамтамасыз етуді, жабық ғимараттар мен қоғамдық көліктерде бетперде киюді талап етуді сұрады.