Сағызды жұтуға бола ма? Дәрігер түсіндірді

Сағызды байқамай жұтып қойса, не болады? Медицина ғылымдарының кандидаты, гастроэнтеролог, гепатолог Сергей Вялов осы сұраққа жауап берді, - деп хабарлайды Sputnik радиосы.

Бала кезде бәрімізге сағызды жұту қауіпті екені, өйткені ол сіңірілмейтіні, ағзаға зиян тигізуі мүмкін екені айтылды. Алайда медицина ғылымдарының кандидаты, гастроэнтеролог, гепатолог Сергей Вялов бұл пікірге келіспейді. Оның айтуынша, сағыз өндірушілер оны жұтып қоюы мүмкін екенін ескереді.

"Сағызды жұтуға болады, бірақ олай істеу қажет емес. Ол жұтуға арналмаған. Сағыз өндірушілер оны жасау кезінде осындай қауіп барын білген, сондықтан оңай әрі қауіпсіз жұтуға болатындай етіп дайындайды", - деді Сергей Вялов.

Дәрігердің сөзінше, сағыз ішекті бітеп тастай алмайды.

"Көп жағдайда сағыз - матрица сияқты инерт зат, оның ішінде дәм шығаратын компоненттер бар. Шайнаған кезде тек матрица қалады, ол ештеңемен әрекеттеспейді әрі асқазан-ішек жолдары арқылы қалыпты өтеді. Ештеңеге жабыспайды және еш жерде қалып қоймайды. Нәтижесінде, сағыз ағзадан табиғи түрде шығады", - деп түсіндірді Сергей Вялов.

Сонымен қатар, дәрігер сағызды шамадан тыс пайдаланбауға кеңес береді, өйткені ол ішек қызметіне зақым келтіруі мүмкін.

"Сағызды жиі шайнау дұрыс емес, өйткені оның құрамында сорбитол көп (қант алмастырғыш). Сонымен қатар, ішекті "қоректендіретін" арнайы заттар бар. Осыған байланысты адамда шамадан тыс бактерия пайда болады. Бұл газ бөлінуіне, қабынуға, жағымсыз сезімге әкеп соғады",  - деп ескертті Сергей Вялов.