Алматыда жұмысшыны алып техника турап тастаған

Алматыда жұмысшыны алып техника турап тастаған

Алматы облысында қиыршық тас шығаратын зауытта қаза болған жұмысшының туыстары материалдық шығынды өтеп беруді талап етіп отыр. Қара жамылған отбасы кәсіпорында техникалық қауіпсіздік сақталмағанына наразы, - деп хабарлайды "КТК" телеарнасы.

Телеарна мәліметінше, қиыршық тас шығаратын зауытта слесарь болып еңбек еткен Ринат 5 сәуірде қаза болған. Кесек тастарды ұсақтайтын құрылғыға құлаған жұмысшының денесін алып техника турап тастаған. Сүйегі уатылып, ауыр жарақат алған азамат оқиға орнында жан тапсырған. Қаралы күнді есіне алған марқұмның туыстары кәсіпорында техникалық қауіпсіздік сақталмағанын айтады. Бұл оқиғадан кейін қозғалған қылмыстық іс те тоқтап қалған. Ал 42 жастағы Ринат Құндақбаевтың жақындары соны қайта қозғап, кінәлілер тиісті жазаға тартылсын деп отыр. 

"Барсақ дәу трактор темірдің ішінде ит, мал сияқты жатыр екен. Бетінің барлығын жауып тастапты. Ұстасам жып-жылы болып тұр. Денесінің барлығы былқ-сылқ. Көрініп тұр сүйегінің барлығы сынып кеткен. Ешқандай қауіпсіздік техникасы сақталмаған. Сол күні инструктаж жүргізілмеген. Мен тергеушіге барып сол журналды көрдім", - дейді марқұмның әпкесі Жанар Құндақбаева.

Қайғылы оқиғадан кейін "Жеті тас" серіктестігінің өкілдері қара жамылған отбасыға көңіл айтып, көмек көрсетеміз деп уәде берген. Шулатпауды өтінген зауыт басшысы марқұмның несиесін жауып, бала-шағасына үй алып беруге де келіскен. Алайда айтылған сөз іс жүзінде жүзеге аспаған.

"Біз сұраған жоқпыз. Олар өздері келіп айтты. "Көмектесеміз, балаларын өсіреміз" деді. "Қандай өтініштеріңіз бар? Барлығын жасап береміз" деді. Сосын өзім "бала-шағаға пәтер алып беріңіздер" деп айттым. "Жарайды, алып береміз. Бір-екі айда шешілетін мәселе" деді. Күттік. Жетісіне келіп, кішкене азық-түлік алып келді. Содан бері тыныш", - дейді Жанар Құндақбаева.

Полиция қайғылы оқиғаға қатысты "Абайсызда адам өліміне әкеп соққан іс-әрекет" бабымен іс қозғаған екен. Бірақ кейін бұл іс жазатайым оқиға деп танылып, тоқтатылыпты.

"Тергеу барысында полицейлер қажет іс-шараны жүргізді. Нәтижесінде бұл дерек жазатайым оқиға деп танылып, ол бойынша ҚР заңнамасына сәйкес қылмыстық істі тоқтату туралы шешім қабылданды. Қабылданған шешіммен келіспеген жағдайда тараптар заңдық тәртіппен жоғары органға шағымдануға құқылы. Мәселені енді сотта шешуден басқа амал жоқ. Өйткені марқұм зауытпен тек шарт бойынша жұмыс істепті. Толыққанды келісім болмаған соң мәселеге Еңбек инспекциясы да араласа алмаған", - деді Алматы облыстық ПД ресми өкілі Ернар Сайділдин.

Ж. Қадыржанова