Екібастұз әкімі отставкаға кетуге дайын екенін айтты

Екібастұз әкімі Ардақ Қаңтарбаев бұрынғы орынбасарының кінәсі дәлелденсе отставкаға кетуге дайын екенін айтты. Бұрынғы орынбасары пара алды деген күдікке ілінген болатын, - деп хабарлайды Massaget.kz.

Бұл туралы қала басшысы брифинг барысында айтты. 

Отставка туралы мәселе жоқ жерден көтерілмеген. Жақында әлеуметтік желіде бұрынғы орынбасарына қатысты үкім күшіне енетіні туралы ақпарат шыққандықтан, отставкаға кетуі қажет деген жазба пайда болған еді. 

"Заң бойынша менің орынбасарыма қатысты сот үкімі заңды күшіне енгеннен кейін, әрине, мен отставкаға кетуім керек. Ал менің отставкаға кетуім не кетпеуім туралы шешімді басшылық қабылдайды. Қандай жағдай болса да осы алгоритм. Егер басшылық мені отставкаға кетсін деп шешсе, әрине, кетемін", - деді Қаңтарбаев.  

Брифинг барысында журналистер экс-орынбасар қала әкімі бұл қызметіне келгенге дейін істегендіктен отставкаға кетуі қаншалық дұрыс екенін сұрады. 

"Иә, ол маған дейін жұмыс істеген. Бірақ мәселе ол менің қоластымда жұмыс істегенінде. Егер үкім заңды күшіне енсе отставкаға кетемін", - деп түсіндірді Қаңтарбаев.