Президент қаржы пирамидасы туралы заңдарға қол қойды

Президент қаржы пирамидасы туралы заңдарға қол қойды
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаржы пирамидасына қатысты заңдарға қол қойды, - деп хабарлайды Massaget.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржылық (инвестициялық) пирамидалардың қызметіне қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының заңына қол қойды", - делінген хабарламада.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы қаржы пирамидалардың қызметіне қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша толықтыру енгізу туралы заңға қол қойды.

"Мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасының әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексіне қаржылық (инвестициялық) пирамидалардың қызметіне қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша толықтыру енгізу туралы" Қазақстан Республикасының заңына қол қойды", - делінген хабарламада.

Еске салайық, түзетулердің мақсаты - қаржы (инвестиция) пирамидасын құру және оған басшылық еткені үшін жауапкершілікті күшейту. Сондай-ақ, азаматтарды қаржы пирамидасына тартуға әкеп соққан ақпаратты (жарнаманы) таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілікті заңнамалық тұрғыда реттеу. Заң жобасы бойынша қылмыстық, қылмыстық іс жүргізу кодекстеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.

Түзетулер бойынша:

- қаржы (инвестиция) пирамидаларын құрғаны және оларға басшылық еткені үшін жазаны қатаңдату;

- қаржы (инвестиция) пирамидасы ақпаратын жеке әрі тікелей таратқаны үшін, оның ішінде электрон ақпарат ресурстары арқылы елеулі залал келтіре отырып, адамдарды тартқандарға қылмыстық жауаптылық енгізу;

- қаржы (инвестиция) пирамидаларын жарнамалағаны үшін тергеу тағайындау.

Қаржы пирамидаларын жарнамалау қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады. 1-бөлім бойынша 2000 АЕК дейін айыппұл cалынуы немесе қоғамдық жұмыстарға тартылуы мүмкін. Ал 4-бөлім бойынша 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделеді.

Ж. Қадыржанова