Күзде дүниежүзі халқы 8 миллиардтан асады - БҰҰ

БҰҰ сарапшылары 2022 жылғы 15 қарашада дүниежүзі халқы 8 миллиард адамнан асады деп болжап отыр. Ал 2023 жылы халық ең көп қоныстанған ел мәртебесі Қытайдан Үндістанға өтеді, - деп хабарлайды "КТК" телеарнасы.

БҰҰ-ның экономикалық және әлеуметтік мәселелер жөніндегі департамент өкілі 1950 жылдан бастап дүниежүзі халқы ең баяу қарқынмен өсіп келе жатқанын айтты. Оның пікірінше, 2030 жылы ол 8,5 миллиард адамға дейін, ал 2050 жылы 9,7 миллиард адамға дейін өседі. 2080 жылдары 10,4 миллиард адамға жетеді. Осы деңгейде 2100 жылға дейін тұрады.

Сарапшылар кейінгі онжылдықта көптеген елде туу көрсеткіші айтарлықтай төмендегенін атап өтті. Әлем халқының үштен екісі бір әйелге 2,1-ден аз туатын елде немесе аймақта тұрады екен.

БҰҰ болжамынша, алдағы онжылдықта дүниежүзі халқы өсімінің жартысынан астамы сегіз елде жүзеге асады: Конго Демократиялық Республикасы, Египет, Эфиопия, Үндістан, Нигерия, Пәкістан, Филиппин және Танзания.