"Славян базарына" Қазақстаннан кім қатысатыны белгілі болды

Витебскідегі "Славян базары" XXXI халықаралық өнер фестиваліне Қазақстаннан кім қатысатынын белгілі болды. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрлігі мәлімдеді, - деп хабарлайды Мassaget.kz.

Витебскідегі "Славян базары" XXXI халықаралық өнер фестивалінің "Витебск-2022" эстрада әншілерінің халықаралық байқауына П.Чайковский атындағы Алматы музыка колледжінің оқытушысы Ерік Төленов (сахналық есімі Kyle Ruh), ал балалар байқауына Алинұр Хамзин қатысады. Байқау 13-18 шілде аралығында өтеді, оған 24 елдің өкілі қатысады.

Биыл балалар байқауының қазылар алқасы құрамында халықаралық байқаулардың лауреаты, қазақстандық танымал әнші Әлішер Кәрімов болады. Бұған дейін қазылар алқасының құрамында Роза Рымбаева, Нағима Есқалиева, Ерлан Көкеев, Толқын Забирова, Батырхан Шөкенов, Қарлығаш Әбдікәрімова, Қарлығаш Әжиева болса, Димаш Құдайберген "Витебск-2021" эстрада әншілерінің халықаралық байқауының қазылар алқасының ең жас мүшесі болды.

Фестиваль жалауын Роза Бағланова атындағы "Қазақконцерт" мемлекеттік концерттік бірлестігінің әншісі, "Славян базары-2021" байқауының Гран-при иегері, "Дарын" жастар сыйлығының және "Шапағат" медалінің иегері Рухия Байдүкенова көтереді.